Ислам революциясы жетекшісінің Ораза айт намазында сөйлеген сөзі
Иран Ислам революциясының жетекшісі халықтың әлемдік Құдс күніне арналған шеруге жаппай қатысуын қасиетті рамазан айының берекесі деп атады.
Иран Ислам революциясының жетекшісі аятолла Хаменеи Ораза айт намазының құтпаларында халықтың әлемдік Құдс күнінің шеруіне бірауыздан қатысуына тоқталып: «Кейбір мұсылман үкіметтер Палестинаның мақсатына қиянат жасап, кейбір халықтар хабарсыз қалып отырған жағдайда Иран халқы барлық дұшпандарға қарсы тұрып, Палестина мәселесін жандандыруға дайын. Өкінішке орай, кейбір мемлекеттерде халықтың мейрамы азаға айналды. Бағдатта жүздеген жанұя жақындарынан айрылды. Қылмыскерлер мен лаңкестер басшыларының бұйрығымен халықтың арасында өтірік, өздері ойдан шығарған исламды таратуға әрекет жасауда»,- деді. Ол сонымен бірге Стамбұл, Бангладеш және басқа елдердегі лаңкестік әрекеттерге тоқталып: «Қасиетті рамазан айында ораза тұтып жүрген халық лаңкестердің шабуылымен кезікті. Бұл лаңкестердің АҚШ, сионистік режим мен Ұлыбританияның қауіпсіздік органдарында жаттығудан өткендерінің нәтижесі. Өкінішке орай, рамазан айында Сирия, Йемен, Ливия және басқа исламдық елдерде соғыс тоқтамады»,- деп ислам әлеміндегі жағдайға өкініш білдірді.
Ислам революциясының жетекшісі Йеменнің қорғансыз халқының бір жыл үш айдан астам уақыт бойы шабуылдардың куәсі болуына тоқталып: «Құдс күні күннің ыстығында үстерінен бомбалардың түсуіне қарамастан, шеруге шыққан халық – мақтан тұтатын халық. Бұл елдің халқы мен дана басшысы жасасын!»,- деп баса айтты.
Аятолла Хаменеи Сирия дағдарысына тоқталып: «Бұл елде де халық үстем жүйенің оларға таңған үлкен апатпен кезігуде. Дұшпан Палестина мәселесін ұмыттырып, сионистік режимге өз мақсаттарына жетуге мұрсат тудыру үшін ислам әлемін ішкі мәселелерге шырмағысы келеді. Палестинаны азат ету күресі – исламдық және баршаның күресі. Бұл арабтардың мәселесі ғана емес. Күресті кез келген түрде жалғастыру мұсылмандардың міндеті. Бұл маңызды мәселені арабтардың ішкі мәселесіне айналдыру дұрыс емес»,- деді.