Жетекші көзқарасы: Иран халқы Швейцарияға қатысты оң көзқарасқа ие
Ислам Революциясының жетекшісі Швейцария үкіметінің іс-әрекетінің Иран халқының қоғамдық пікірінде оң бағаға ие екенін айтып, екі елдің экономикалық қарым-қатынастарын кеңейтуді құптады.
Ислам Революциясының жетекшісі хазірет аятолла Хаменеи сенбі күні кешке Швейцарияның Президенті Йоханн Шнайдер-Амманнды қабылдауында Теһран-Берн қатынастарының оң тәжірибесіне тоқталып: «Иран мен Швейцария сауда айналымының көлемі төмен әрі теңдестірілмеген. Швейцариялық кәсіпкерлер мен инвесторлар Иранның мол мүмкіндіктерінен мағлұмат ала отырып, бұл таразыны теңестіре алады» деді.
Ислам Революциясының жетекшісі кейбір еуропалық үкіметтердің Иранға қарсы қысымы мен санкциялары кезінде Швейцарияның бұл үдеріске қосылмауын ынтымақтастықты арттыру үшін лайықты мәдени мүмкіндіктердің бірі деп атап: «Иран бұрыннан бері Швейцарияны бейбітшілік, достық пен ынтымақтастық ошағы ретінде таниды. Бірақ кейбір еуропалық елдер ондай емес. Олардың мүдделері соғыс ашу және іріткі салу арқылы қамтамасыз етіледі» деп қуаттады.
Иран мен Швейцария – әлемдегі маңызды әрі тәуелсіз, сондай-ақ, адамзат қоғамының бейбітшілігі мен қауіпсіздігін қорғайтын екі ел. Осы ортақ бағыт Иран мен Швейцария қарым-қатынастарының берік әрі жағымсыз тәжірибелерден ада күйде сақталуына түрткі болды. Оған қоса, Швейцария Иранның кейбір елдермен, соның ішінде, АҚШ-пен қарым-қатынастарында мүдделерді қорғаушы ретінде арағайындық жасап, Иран үшін сенімді серіктес болды.
Иран мен Швейцария қарым-қатынастарының оң саяси тәжірибелерге ие болуы және екі елдің қоғамдық пікірінің Теһран-Берн қатынастарының үлгісін қолдауы 140 жылға созылған тәжірибелі әрі достық байланыстарының арқасында орын алды. Осындай тәжірибе Швейцарияның тіпті Еуропа одағының Иранға қарсы біржақты санкциялары кезінде де ИИР-мен экономикалық қатынастарын сақтап қалуына себеп болды. Иран мен Швейцария байланыстарының ынтымақтастық пен өзара қатынасқа негізделуі екі елдің жоғары дәрежелі қайраткерлерін ынтымақтастықтарды кеңейту жолында жылдамырақ әрекет етуге ынталандырды.
«Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасы жүзеге асырылғаннан кейін Иран мен Швейцарияның сауда-экономикалық әріптестіктерін кеңейту жолы бұрынғыдан бетер ашыла түсті. Швейцария Президентінің Теһранға сапары осы жолдың көкжиегін айқындады.
Иран мен Швейцария ортақ мәлімдемеде екі елдің екіжақты, аймақтық және жан-жақты ұзақ мерзімді ортақ ынтымақтастықтарды кеңейту үшін жол картасын дайындағанын мәлімдеді. Бұл ортақ мәлімдеме Теһран-Берннің саяси, экономикалық және қаржы бөлімдеріндегі ортақ ынтымақтастықтарының жол картасын 13 тарауда сипаттады.
Иран мен Швейцарияның санкциялардан кейінгі кезеңдегі ынтымақтастықтарының жол картасын дайындауы екі үкіметтің түрлі салалардағы ынтымақтастықтарды кеңейту үшін келісім жасап, іс-жүзінде де үйлесімдікке жететінін көрсетеді.
Ислам Революциясының жетекшісі Швейцария Президентін қабылдауында Иран үкіметінің Теһран-Берн келісімдерін экономикалық және заңды кепілдіктер тұрғысынан толығымен қолдап, шынайы ынтымақтастықтардың нәтижесінде бұл келісімдердің жүзеге асырылуының басты мәселе екенін қуаттады.