Ислам революциясының жетекшісі: Аймақтағы мәселелердің түп-тамыры АҚШ-тың араласушылығында жатыр
Ислам революциясының жетекшісі хазірет аятолла Хаменеи аймақтағы бүгінгі күнгі мәселелердің түп-тамырын кейбір державалардың араласушылығында деп атады.
Ислам революциясының жетекшісі сенбі күні кешке Швецияның премьер-Министрі Стефан Лёвенмен кездесуінде: «АҚШ пен көптеген еуропалық алпауыт мемлекеттердің Сирия мен Ирактағы қайғылы оқиғалардың орын алуында қатысы болған. Аймақ елдері бұл араласушылықтан хабардар болғандықтан оларға күдікпен қарайды»,- деп баса айтты.
Хаменеи Сирия үкіметі оппозициясының арасында кейбір батыс елдерінің елшілерінің болуы мен осы елдегі қақтығыстардың пайда болуының басында оларға қару-жарақтың берілуін қиындық тудырушы араласушылық әрекет деп бағалап: «Бұл мәселені шешу үшін оның түп-тамырын танып-білген жөн. Содан кейін барып қана оны шешу керек»,- деп мәлімдеді.
Сонымен қатар Ислам революциясының жетекшісі соңғы бір жарым жыл ішінде кейбір еуропалық мемлекеттердің Теһранға келіп, өткізген келіссөздері мен қол жеткізген келісімдердің іске аспауына сілтеме жасап, Швеция премьер-министріне: «Сіздің өз сөзінде тұратын әрі іс-әрекеттің адамы екеніңізді білемін. Сондықтан сізден жасалған келісімдердің тек қағаз жүзінде қалып қоймай, жүзеге асырылатындай әрекет етуіңізді күтемін»,- деді.
Ислам революциясының жетекшісі Иран халқының 22-баһман шеруіне жаппай қатысуын Иран халқының теңдессіз шаттығы мен әзірлігінің нышаны деп атап: «Әлемдегі революциялардың жылдығы елдің зиялы қауым өкілдері мен саясаткерлерінің қатысуымен салтанатты түрде әскерилердің шеруі түрінде өтеді. Ал Ирандағы Ислам революциясы жеңісінің жылдығы барлық тап өкілдерінің қатысуымен халықтың өзі өткізетін нағыз мереке болып саналады»,- деді.