Жетекші көзқарасы: Иран мен Ресей Сирияда жақсы тәжірибеге қол жеткізді
Ислам революциясының жетекшісі хазірет аятолла Хаменеи сәрсенбі күні кешке РФ Президенті Владимир Путинді қабылдауында: «Сириядағы әріптестіктің нәтижелері ортақ мүдделерді орындауға болатынын көрсетті.
Сириядағы лаңкестерге қолдау көрсететін америкалық коалицияның жеңілгені – бұлтартпас шындық, бірақ олар әлі де қастандық ойластырып жатыр. Сондықтан Сирия мәселесін толығымен шешу мықты әріптестікті одан ары жалғастыруды қажет етеді»,-деп қуаттады. Ислам революциясының жетекшісі Иран мен Ресейдің бірнеше шетелдік мемлекеттің қолдауындағы тәкфирлік лаңкестерге бірлесе қарсы тұруының маңызды нәтижелері барына тоқталып: «Теһран мен Мәскеудің жақсы одақ құрып, Сириядағы лаңкестердің жік салуы мен жемқорлығына қарсы бірлесе табандылық танытуында көп мағына бар. Бұл Ресейді Таяу Шығыс мәселелері бойынша ықпалды елге айналдырды»,-деді.
Иран мен Ресейдің Сириядағы соғыс алаңы мен саяси сахнадағы әріптестігі мағынаға толы ынтымақтастық болып, оң нәтижелерге жеткізді. Ресей әскерінің 2015 жылы Сирияға кіруі және мұнымен бір мезгілде ИИР-ның ықпалды рөл атқаруы Сириядағы әскери және саяси қатынастарды өзгертті. Теһран мен Мәскеудің өзара әріптестігінің оңтайлы да сындарлы тәжірибесі бүгінде Сирияны жоғары позицияға шығарды. ДАИШ лаңкестерінің әрекеттері Сирияның шығысындағы Дейр оз-Зормен шектеліп қалды.
Иран мен Ресей одағы Сирия үкіметі мен қарсыласу қозғалысы күштерінің әріптестігінің арқасында лаңкестікпен күрестің шынайы майданын құрды. Бұл майдан іс жүзінде АҚШ, Израиль мен олардың одақтастарының Сириядағы қастандығын залалсыздандырды. Израильдің Сириядағы бүлдіргі әрекеттері, соның ішінде бұл елге әуеден жасаған зымырандық шабуылдары осы елдегі өзгерістерде өзін көрсету үшін жасалды. Алайда қазіргі жағдай Иран мен Ресейдің сындарлы әріптестігінің нәтижесінде қалыптасып, АҚШ, Израиль мен олардың аймақтық одақтастары Сириядағы қатынастардан шығарылды. Иран мен Ресейдің Сириядағы әріптестігінің тәжірибесі бұл одақты лаңкестікпен күрестегі ықпалды әрі тиімді күшке айналдырды. Мұнымен бір мезгілде лаңкестерді қолдайтын америкалық коалиция әлі де бүлдіргі әрекеттерді күн тәртібіне қойып отыр. Башар Асадтың заңды үкіметіне қысым жасау мақсатымен Сирияны бөлшектеуге талпыну, ДАИШ басшыларын ауыстыру және Сирияда химиялық заттардың қолданылу мәселесін саяси сипатта пайдалану осы елдегі лаңкестерді қолдайтын америкалық коалицияның жоба-жоспарларының қатарына жатады.
Ресей мәселелері жөніндегі сарапшы Шуайб Баһман сәрсенбі күні кешке Иран телеарнасына берген сұхбатында Сирияның тағдырды шешетін маңызды күндерге жақындап қалғанын айтып: «Владимир Путиннің Теһранға сапарының мынадай жолдауы бар: Иран мен Ресейдің әріптестігі Сирияда да, халықаралық деңгейде де бұрынғыдай жалғаса береді. Бұл әріптестіктер лаңкестікпен күрес мәселесімен қоса, Сирияның қиындықтарын шешуді де қамтиды»,-деді.
Иран мен Ресейдің Сирияның саяси дағдарысын шешуге бағытталған әріптестігі америкалық коалицияны шетке шығарды. Ссонымен қатар Астана үдерісі АҚШ-тың еркінен тыс Ресей мен Иранның бастамашылығымен Сирияның саяси жағдайын реттеді. Астана үдерісіндегі басты принцип Сирия халқының өз елінде қорытынды саяси шешім қабылдауы болып табылады. Осы аяда Владимир Путин Ислам революциясының жетекшісімен кездесуінде Сирияның аумақтық тұтастығын сақтау және Башар Асад үкіметін қолдауды Ресейдің сыртқы саясатының принциптерінің бірі деп атап: «Сириядағы кез келген өзгеріс елдің ішінен бастау алуы керек»,-деді.