Рухани: Исламның дұшпандары өз мүдделерін мұсылмандар арасына іріткі салудан іздеуде
ИИР Президенті дұшпандардың ислам елдерінің бірлік пен біртұтастыққа ие болуын қаламайтынын айтып: "Исламның дұшпандары өз мүдделерін мұсылмандар арасына іріткі салудан іздеуде" деді.
ИИР Президенті Хасан Рухани сәрсенбі күні Теһранда Оман Парламентінің төрағасы Халед Халал Насер әл-Мамулимен кездесуінде Ислам Ынтымақтастық Ұйымына мүше елдердің он үшінші парламентаралық конференциясының маңыздылығына тоқталып: "Ислам елдері басшыларының бас қосып, әртүрлі мәселелер жөнінде диалог өткізіп, ортақ шешімдерге келуі аймақта бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайту жолында әсерлі қадам бола алады",-деді.
Рухани Йемен халқының қауіпсіздік, денсаулық сақтау және медицина саласындағы қиыншылықтарына тоқталып: "Өкінішке орай, Батыс елдері өздерінің қару-жарақтарының сатылуы салдарынан туындап отырған қақтығыстарға қуанышты. Сондықтан, мұның гуманистік аспектісіне назар аудармайды",-деді.
Халед Халал Насер әл-Мамули осы кездесуде Ислам Ынтымақтастық Ұйымына мүше елдердің он үшінші парламентаралық конференциясын сәтті өтті деп бағалап: "Иран әрдайым әлемде жапа шеккендерді қолдап, әсіресе Палестина мәселесіне ерекше көңіл бөліп келеді. Бүгінде, қуанышымызға орай, ислам халықтары мұсылмандар мен Құдсқа төнген қатерді жақсы түсініп отыр",-деді.