Теһран "Ортақ қадам" жан-жақты бағдарламасы аясынан тыс тақырыптарды талқыламайды
АҚШ-тың "Ортақ қадам" жан-жақты бағдарламасынан шыққанына екі аптаға жуық уақыт өтті. Осы уақыт ішінде Теһран мен Брюссель арасында ирандық және еуропалық басшылардың қатысуымен келіссөздер өткізілді.
Еуроодақ Брюссель отырысындағы мәлімдемелер мен шешімдерінде "Ортақ қадам" жан-жақты бағдарламасын толығымен қолдайтынын жариялады. Бұған қарамастан осы бағдарламадағы Иранның мүдделері кепілдендірілетіндігіне толық сенім болмайынша Теһранның бұл келісімде қалатынын кесіп айтуға болмайды.
Осы негізде және Иран мен еуропалық тараптардың келіссөздерінде белгіленген шеңбер бойынша "Ортақ қадам" жан-жақты бағдарламасы ортақ комиссиясының АҚШ-сыз өтетін алғашқы отырысында ИИР мен басқа тараптар арасында тек осы бағдарламаға қатысты тақырыптар талқыланатын болады. Бұл отырыс 26 мамырда Вена қаласында саяси мамандар деңгейінде өтеді деп жоспарланып отыр.
ИИР СІМ-нің ақпарат хатшысы Бахрам Ғасеми жексенбі күні жаңа келісімді қабылдаудың есесіне Иранға жаңа ұсыныстар жасалатындығына қатысты кейбір шетелдік ақпарат құралдары таратқан ақпараттар жайлы: "Осындай жөнсіз уәждер сионистердің ақпарат құралдары, халықаралық бейберекеттікті қалайтын адамдар мен Иран халқына жамандық тілеушілерден бастау алып отыр. Олар мұны теріс кеңістік тудырып, Иран мен "Ортақ қадам" жан-жақты бағдарламасының басқа тараптарының келіссөздерін жолдан тайдыру мақсатында жасап отыр",-деді.
ИИР-ның ұстанымы "Ортақ қадам" жан-жақты бағдарламасының басынан тура әрі айқын болды. Иран осы бағдарламаның бір тарабы ретінде өзінің барлық міндеттемелерін орындады. АҚХА-ның аталмыш келісім туралы 11 ресми есебі мұны растады. Бұған қарамастан, АҚШ аталмыш халықаралық келісімнен біржақты әрі заңсыз түрде шыққаннан кейін ИИР өзінің осы бағдарламада қалуын мүдделерінің сақталуымен тікелей байланыстырды.
Халықаралық құқық мәселелерін сараптаушы Мұхаммад Тахер Кенани Еуропаның "Ортақ қадам" жан-жақты бағдарламасын сақтап қалу туралы сөздеріне тоқталып: "Егер Трамп Еуропа мен Қытай компанияларына қарсы санкция салып, Еуропаның Иранмен сауда келісімшарттарын жасауына кедергі болса, Дүниежүзілік сауда ұйымының жарғысы мен еркін сауда принципін бұзады. Бұл ұйымдағы еуропалық мемлекеттер АҚШ қарсы шағым жасай алады",-деді.
Алайда Еуропаның шараларында әлі де қарама-қайшылық бар. Иран Сыртқы істер министрі Мұхаммад Джавад Зариф жексенбі күні Теһранда Еуроодақтың энергетика жөніндегі комиссары Мигель Ариас Каньетемен кездесуінде: "Еуроодақтың "Ортақ қадам" жан-жақты бағдарламасындағы міндеттемелеріне беріктігін жариялауы ірі еуропалық компаниялардың Иранмен әріптестіктен бас тарту ықтималын мәлімдеуімен үйлеспейді",-деді.
Иранның Сыртқы қатынастар стратегиялық кеңесінің басшысы Камал Харрази Италияның Corriere della Sera газетіне берген сұхбатында "Ортақ қадам" жан-жақты бағдарламасының тағдыры жөнінде: "Ядролық келісімді сақтап қалу еуропалық елдердің амал-әрекетіне байланысты. Егер Еуропа осы қоқан-лоққыдан өзін қорғай алмаса, болашақта жағдай шиеленісе түседі",-деді.
АҚШ-тың Иранға қарсы қасақана мақсаттарын көздеген біржақты саяси шешіміне қатысты екіұштылықтың Еуроодақ стратегияларының әсерлі болатындығына күмән тудырып отырғаны анық. Еуропалықтар мықтырақ кепілдер беру арқылы аталмыш келісімдегі өздері мен ИИР-ның мүдделерін қорғай алатынын көрсетуі керек.