Ғасеми: Тәуелсіз елдер АҚШ-тың зорлықшыл саясаттарына қарсы тұруы керек
(last modified Mon, 17 Sep 2018 17:46:07 GMT )
Қыр 17, 2018 23:46 Asia/Almaty

ИИР СІМ-нің ақпарат хатшысы Иран, Ауғанстан мен Үндістанның аймақтық әріптестіктерді кеңейту туралы үшжақты отырысын оң бағалады.

ИИР СІМ-нің ақпарат хатшысы Бахрам Ғасеми дүйсенбі күні отандық және шетелдік тілшілермен өткізген апталық отырысында ИИР Телерадио бірлестігінің әлемдік қызмет торабы тілшісінің Иран, Ауғанстан мен Үндістан Сыртқы істер министрлері орынбасарларының қатысуымен Кабулда өткен  үшжақты отырыс жайлы сұрағына жауап беріп: "Мұндай отырыстарды өткізу аймақтық әріптестіктерді дамытуға оң ықпал етеді. Тәуелсіз елдер АҚШ-тың зорлық саясаттарына қарсы тұра алады",-деді.

ИИР СІМ-нің ақпарат хатшысы Ирактың оңтүстігіндегі Басра қаласында Иранның Бас консулдығы ғимаратының өртелгені және ИИР-ның Париждегі елшілігіне шабуыл жасалғаны туралы: "Бұл екі оқиғаның бір-бірімен байланысы жоқ. Бұлар бір-бірінен бөлек оқиғалар.

Басра қаласында Иранның Бас консулдығының ғимараты белгілі бір адамдар тарапынан өртелді. Олар бұл әрекетті белгілі бір мерзімде Ирактың жағдайын ескере отырып, екі елдің қарым-қатынасы мен Ирактың ішкі жағдайына әсер ету үшін пайдалануға тырысқан. Қуанышымызға орай, екі елдің бір-бірін тануы мен байланыстарының мықтылығы қылмыскерлердің өз мақсаттарына жетуіне жол бермеді.

Париж оқиғасы – лаңкестік топ тарапынан жасалған бөлек тақырып. Франция үкіметі осыған қатысты тиісті шараларды атқарып, Иран елшілігіне шабуыл жасағандарға қатаң қатынас көрсетуге уәде берді",-деді.

Ғасеми ИИР Президенті Хасан Руханидің БҰҰ Бас ассамблеясы мен Қауіпсіздік кеңесі отырысына қатысуы жайлы: "ИИР Президентінің Нью-Йоркке сапары Иранның әртүрлі елдер басшыларымен түрлі деңгейлерде көптеген кездесу өткізуі үшін қолайлы мұрсат болып табылады",-деді.  

Ғасеми, сондай-ақ, АҚШ Мемлекеттік хатшысы Майк Помпеоның Иранның Қытаймен қарым-қатынасы және бұл елдегі мұсылмандардың жағдайы жайлы сөздеріне тоқталып: "АҚШ басшыларының сөздері шынайы емес. Олар Иранға жауластықтан айтылады. Иран әрдайым мұсылмандардың демеушісі болып келді және бола береді. Иран Қытай үкіметімен келіссөз өткізіп, бейбітшілік пен тыныштық орнатуға талпыныс жасайды.

Иранның лаңкестік пен Сирияның аумақтық тұтастығына қатысты саясаты айқын. Иран неғұрлым жылдам Сирияның аумақтық тұтастығының бүтінделуі мен лаңкестерден тазартылуына күш салады",-деп қуаттады.