Зариф: Иран әлем елдерімен ынтымақтастықты дамытуға дайын
Иранның Сыртқы істер министрі: «Иран әлемнің әртүрлі елдерімен қарым-қатынас пен ынтымақтастықты дамытуға дайын»,-деді.
IRNA ақпарат агенттігінің хабарлауы бойынша, Иранның Сыртқы істер министрі Мұхаммад Джавад Зариф жұма күні Мюнхен қауіпсіздік конференциясы аясында Еуропаның экономикалық клубтарының жоғары лауазымды тұлғаларымен кездесуінде: «Сауда, экономика және қаржы саласындағы санкциялар жойылғаннан кейін ИИР еуропалық елдермен қарым-қатынасты бұрынғыдан да қарқындырақ дамытуға дайын»,-деп мәлімдеді.
Зариф, сондай-ақ, Иранның ядролық келісімі мен одан туындаған мүмкіндіктер мен түйткілдерге тоқталып: «Иран өзінің Еуропамен жаңа сауда-экономикалық және өнеркәсіптік қатынасында тұтынушы нарық болып қалмайды. Иранда барлық инфрақұрылымдар әлем мен Еуропаның әртүрлі елдерімен ұзақ мерзімді әріптестікке дайын»,-деп баса айтты.
Иранның Сыртқы істер министрі, сонымен қатар, жұма күні Мюнхен қауіпсіздік конференциясы аясында Ирактың Күрдістан аймағының басшысы Масуд Барзанимен, Грузияның Сыртқы істер министрі Михаил Джанелидземен, БҰҰ-ның Бас хатшысының орынбасары Ян Элиассон және бірқатар халықаралық қайраткерлермен кездесіп, аймақтық және әлемдік өзгерістер мен екіжақты байланыс туралы сұхбаттасты.
Мюнхен қауіпсіздік конференциясы әлемнің әртүрлі елдерінің саясат және қорғаныс саласындағы 600 қайраткерінің қатысуымен Сирия дағдарысы, мигранттар дағдарысы, ДАИШ лаңкестік тобы және Украина мәселесін талқылау мақсатында жұма күні Германияда басталып, жексенбіге дейін созылады.