Эксперттер кеңесінің мүшелері Ислам революциясының жетекшісімен кездесті
(last modified Thu, 23 Feb 2023 14:43:25 GMT )
Ақп 23, 2023 20:43 Asia/Almaty
  • Эксперттер кеңесінің мүшелері Ислам революциясының жетекшісімен кездесті

Ислам революциясының жетекшісі бүгін таңертең Эксперттер кеңесінің мүшелерімен кездесуінде бұл кеңесті діни демократияның шынайы үлгісі деп атап: "Бұл кеңес – таза демократиялық үдеріс барысында халық таңдайтын қалаулы орган. Діни үлемдерден тұратын кеңес жүйенің діни негізін көрсетеді",-деді.

Ислам революциясының жетекшісі Эксперттер кеңесінің орны мен маңызын жүйедегі кез келген орталық пен органнан жоғары деп атап: "Бұл кеңес –  көсемді тағайындайтын әрі бақылау жасап көсемнің билік жүргізуін жалғастыруға кепілгер болатын орган. Мұндай биік орын Эксперттер кеңесінің мүшелеріне ауыр міндеттер артады. Міндеттерді орындауға немқұрайлы қарағанды Құдай қабылдамайды",-деді.

Ислам революциясының жетекшісі халыққа, әсіресе жастарға Эксперттер кеңесінің орнын қисын және дәлелдермен үздіксіз түсіндіруді осы кеңеске мүшелердің тағы бір міндеті деп айтып: "Эксперттер кеңесінің шешуші рөлі мен орнын дұрыс түсіндіру халықты осы кеңеске сайлауға құлшына келуге ынталандырады",-деді.

Ислам революциясының жетекшісі Эксперттер кеңесімен жауласуды ИИР жүйесінің негізімен жауласумен бірдей деп атап: "ИИР жүйесіне дұшпандықтың кейбірі оның саяси мәселелер, мысалы Палестина туралы ұстанымдарына қатысты болып отыр. Ал кейбіреулер жүйенің болмысына жауласады. Өйткені бұл жүйе "Дін қоғамдық мәселелерге араласпауы керек" дейтін батыстық ойлау үлгісіне қарсы. "Азаттық пен демократия" деген жалған тудың астында әлемді жаулап, қазба байлықтарды тонайтын либерал-демократ басшыларға қарсы тұрып, азаттық пен демократияны діннің қасына қойып, олардың жоспарларын бұзды",-деді.

Аятолла Хаменеи биылғы 22 бахман шеруін ИИР жүйесінің халықтық сипатының тағы бір көрінісі деп атап: "Қай елде бір саяси іске осынша көп адам жиналады? Түрлі ұлт пен қауым, әрқилы талғамға ие адамдар еңкейген кәріден желкілдеген жасөспірімдерге дейін 44 жыл бойы ауа райының қолайсыздығына қарамай, жыл сайын шеруге шығады. Яғни халық жүйені барынша қолдайды. Әрине бұл біз үшін үйреншікті, сондықтан осындай қолдаудың қадірін жете түсінбейміз",-деп еске салды.

Ислам революциясының жетекшісі: "Халық шеруге қатысып, біз – жауапты тұлғалар мен үлемдер алдында өз міндетін атқарды. Енді біз осы ұлттық қолдауға мақтанып отыра бермей, қолда бар байлықты берік сақтап, халықтың ризалығын алу жолында өз міндеттерімізді орындауымыз керек",-деді.