Имам Хаменеи: Сионистік режим бір үкімет емес, қылмыскерлер, қанішерлер мен террористердің бандасы
(last modified Sun, 28 Jul 2024 14:34:26 GMT )
Шіл 28, 2024 20:34 Asia/Almaty
  • Имам Хаменеи: Сионистік режим бір үкімет емес, қылмыскерлер, қанішерлер мен террористердің бандасы

Ислам революциясының жетекшісі Иран Президенті Масуд Пезешкианға президенттік лауазымға сайлану үкімін табыс еткеннен кейін сөйлеген сөзінде сионистік режимнің айуандық әрекеттеріне тоқталып, бұл режиімді қылмыскерлер, қанішерлер мен террористердің бандасы деп атады.

Ислам революциясының жетекшісі имам Хаменеи жексенбі күні таңертең Иран конституциясының 110-бабының 9-тармағына сәйкес Иран халқының Масуд Пезешкианға дауыс бергенін қабылдап, оны Иран Ислам республикасының Президенті лауазымына тағайындады. Имам Хаменеи сайлану үкімін табыс еткеннен кейін сөйлеген сөзінде: "Сионистік режим бір үкімет емес, бір қылмыстық топтың ең ұсқынсыз келбетін әлемге паш етті. Олар адам қылмыстары тарихына жаңа ауыр парақтар қосты",-деді.

Ислам революциясының жетекшісі Газа ауруханаларында көптеген сәби, бала, науқастар мен әйелдердің қаза тапқанына тоқталып: "Сионистердің ауыр бомбалары бірде-бір оқ атпаған адамдардың үстіне тасталды",-деді.

Имам Хаменеи сондай-ақ Газа мәселесін жаһандық мәселе деп атап: "Палестина бір кездері тек ислам әлемінің мәселесі еді, ал бүгінде жалпы қоғамдық әрі жаһандық мәселеге айналды. Және ол АҚШ Конгресінде, Біріккен Ұлттар Ұйымында, Олимпиадада және басқа орталарда талқыланып жатыр",-деді.

Ислам революциясының жетекшісі қарсыласу күштерінің ұдайы нығаю үстінде екенін айтып: "Сионистер АҚШ пен кейбір сатқын үкіметтердің жан-жақты қолдауына қарамастан қарсыласу күштерін жер жастандыра алмады. ХАМАС-ты тамырымен жою деген мақсаттары сәтсіздікке ұшырады. ХАМАС, джиһад пен қарсыласу күштері бар күш-қуатымен табынды қарсылық көрсетіп жатыр",-деді.

Имам Хаменеи АҚШ Конгресінің екі күн бұрын сионистік қылмыскерді мінберге шығарып, сөзін тыңдағанын сорақы іс деп атап: "Әлем Газадағы оқиғаға байланысты байыпты шешім қабылдауы керек. Үкіметтер, ұлттар, саяси және зиялы тұлғалар әртүрлі салаларда тиісті шара атқаруы керек",-деді.

Имам Хаменеи сондай-ақ Иранның сыртқы саясаты туралы жаңа үкіметке: "Әлемдегі түрлі оқиғалар толқынында, әсіресе аймақтық тақырыптар мен саяси мәселелерде, тіпті жасанды интеллект сияқты ғылыми салада пассивті емес, белсенді де тиімді әрекет етуі керек",-деп кеңес берді.

Ислам революциясының жетекшісі әлемде және аймақта болып жатқан оқиғаларға немқұрайлы қарауға болмайтынын айтып: "Әлем исламдық Иранның ұстанымын білуі үшін кез келген оқиғаға қатысты елдің позициясын анық та байсалды түрде білдіріңіздер",-деді.

Имам Хаменеи Иранның сыртқы саясатындағы басымдықтарды санамалай келіп, көршілес елдермен қарым-қатынасқа баса назар аударып, оны нығайтуға күш салу керегін айтып: "Сыртқы саясаттағы тағы бір басымдық – Иранның дипломатиялық өрісін кеңейте алатын Африка және Азия елдерімен байланысты арттыру",-деді.  

Имам Хаменеи Иранның сыртқы саясатындағы тағы бір басымдық ретінде қысым жағдайында Иранды қолдаған және дипломатиялық және экономикалық салаларда көмектескен елдермен қарым-қатынасты бағалап, нығайту керегін айтты.

Ислам революциясының жетекшісі осы туралы: "Сыртқы саясаттағы басымдықтардың ішінде Еуропа елдерінің атын атамауымыз қарсылық пен жауластықты білдірмейді. Бірақ олар санкциялар мен мұнай сияқты мәселелерде және адам құқығы сияқты жалған істерде Иранға дұрыс қатынас көрсете алмады. Егер оларда мұндай жаман қатынас болмаса, олармен қарым-қатынас жасау біздің басымдықтарымыздың бірі болар еді. Әрине бізге тиісіп, қыңыр қылық көрсеткенін ұмытпайтын елдер де бар",-деді.