Эксперттер кеңесі: Ислам революциясы жетекшісінің көзқарасы тұрғысынан
Ислам революциясының жетекшісі хазірет аятолла Хаменеи бейсенбі күні Эксперттер кеңесінің бесінші шақырылымындағы халық қалаулары және кеңестің төрағасымен кездесуінде бұл органның Конституцияда белгіленген міндетінен бөлек зор ықпалға ие екендігін айтты.
Ислам революциясының жетекшісі Эксперттер кеңесінің ревоюциялық болмысы мен бағытын түсіндіріп: «Жүйені сақтап қалу, дамыту және революцияның мақсаттарын орындаудың жалғыз жолы – елдің шынайы абырой-айбынын сақтап, ұлы джиһадты жүргізу, яғни дұшпанға мойынұсынбау»,-деп баса айтты.
ИИР-ның жүйесі маңызды тетіктерден құралған, олардың әрқайсысы өзінің негізгі міндеттері мен жауапкершіліктерінен бөлек тәуелсіз орган ретінде жүйенің тағдырына аса сезімталдықпен қарайды және оған жауапкершілікті сезінеді. Эксперттер кеңесі де осындай ерекшелікке ие. Бұл кеңес қажет болған жағдайда жетекшіні тағайындау міндетімен қоса, осы кеңеске мүше ғұламалар мен ғалымдардың Иран халқының әртүрлі әлеуметтік топтары және қоғамдық пікірімен байланысы тұрғысынан жүйенің үлкен мәселелерінің үдерісін аса сезімталдықпен қадағалап отырады.
Революцияның армандарын орындау жолындағы ИИР жүйесінің жолы қиын әрі қатерлі болары анық. Осы қиындықтарды өткеру жүйенің барлық салалар бойынша абыроймен шығуы үшін барша ой-пікір иелерінің тілеулестігі мен әріптестігін қажет етеді. Сол себепті хазірет аятолла Хаменеи: «Тек саяси-экономикалық, әскери, мәдени және ақпараттық билік құралдарына ие тәуелсіз басқару жүйесі түріндегі ислам ғана әлемдік алпауыттардың зорлығына қарсы табандылық танытып, үстемшілдер шебімен күресе алады»,-деді.
Ислам революциясының үлкен мақсаттары әлеуметтік әділет орнату, кедейлік пен надандықтың тамырына балта шабу, Батыста белең алған ақлақтық, экономикалық, әлеуметтік және саяси азғындықтар тасқыны мен үстемшіл жүйеге қарсы тұрудан құралған. Бұларды орындау жүйенің барлық органдары мен тетіктерінің динамикалық қызметін қажет етеді. Ислам революциясы жетекшісінің сөзімен айтқанда, Эксперттер кеңесі Конституцияда белгіленген негізгі міндетімен қоса, ислам мен революцияның мақсаттарын орындау үшін өзгеріс пен дамуды әрдайым назарда ұстауы тиіс.
Эксперттер кеңесі мүшелерінің ядролық келіссөздер мен «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасы сияқты сезімтал шақтарда ой бөлісуі, экономикалық мәселелерді қадағалауы, әлеуметтік кемшіліктер мен халықтың негізгі талап-тілектеріне көңіл аударуы бұдан бұрын да осы кеңестің кезекті отырыстарында атқарылып келді. Бүгінде бұл жауапкершілікті сезіну, Ислам революциясының жетекшісі айтқандай, еселенген маңыздылыққа ие, өйткені үстемшілдер бұрынғыдан кесімдірек түрде халықтарға үстемдік жүргізуді көздеп отыр. Осы тұрғыдан жаңа шақырылымда осы кеңестің өкілдері бұрынғыдан да көп ыждаһаттылықпен мәселелерді қадағалауы тиіс, ой-пікір білдіруде бұрынғыдан да белсендірек болып, өзгеріс саласында ықпалды рөл атқаруы керек. Ислам революциясы жетекшісінің исламдық жүйенің ешбір тетігінде тоқырау болмауы тиістігін баса айтуы шын мәнінде ИИР жүйесіндегі маңызды орган ретіндегі Эксперттер кеңесіне жүктелген маңызды міндетке меңзейді.