Астана отырысы – Сирия дағдарысын шешуге бағытталған аймақтық бастама
Қазақстанның елордасы Астана қаласы дүйсенбі және сейсенбі күндері Иран, Ресей мен Түркия елдерінің бақылауымен «сириялық-сириялық» келіссөздерін өткізетін жер болды.
Астана келіссөздері – еуропалықтардың қатысуынсыз немесе АҚШ-тың тікелей атсалысуынсыз тек аймақтық бастамамен өткізіліп отырған алғашқы отырыс. Бұл отырыс аймақтық елдердің аймақтық қарым-қатынастарды басқаруға тікелей және белсенді түрде атсалысып отырғанын көрсетеді.
Осы арада БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің Астана қаласындағы Сирия келіссөздеріне қолдау көрсетуі осы елдің дағдарысын шешу жолындағы маңызды қадам болып саналады. Бұл келіссөздер Ресей мен Иранның басқаруымен және Түркияның қолдауымен күн тәртібіне қойылды. 14 қарулы топ «Сирияның азат армиясы» деп аталатын қарулы топтың басқаруымен Астана отырысына қатысады деп жарияланды. Осы отырысқа осынша қарулы топтың қатысуы алты жылдан кейін Сирия дағдарысын шешуге мүмкіндіктер тудырды.
Сирияда қарсыласу өзегінің майдандағы сәттіліктері, соның ішінде Алеппо стратегиялық қаласын әртүрлі лаңкестік және қарулы топтардың басқыншылығынан азат етуі бұл елдің саяси сахнадағы және соғыс майданындағы позициясын өзгертті. Иран, Ресей мен Түркия елдерінің ұдайы кеңесулерінен соң Сирияда атысты тоқтату бітімін орнату туралы келісім жасау (2016 жылдың желтоқсан айының отызы күні) және содан соң Астана келіссөздерін өткізуге келісу сириялық қарулы топтар мен олардың демеушілері алдындағы жалғыз жол болды.
Сирияда қарсыласу өзегінің сәттілікке қол жеткізуі және осы елдің стратегиялық аймақтарында лаңкестер мен қарулы топтардың шырқының бұзылуы іс жүзінде олардың позициясын әлсіретіп жіберді. Олардың Астана отырысына қатысуы біржақты талаптар қоймастан, ұжымдық талап-тілекті қабылдағанын көрсетеді. Женевада өткен бұрынғы отырыстарда осындай біржақты талаптар жеңілістен басқа нәтиже бермеген еді.
Сирияда жарияланған атысты тоқтату бітімін бекіту және болашақта осы елдің үкіметі мен наразы топтар арасында тұрақты ымыра орнату үшін байсалды диалог өткізуге жағдай жасау мақсатында ұйымдастырылған Астана отырысы Сирия дағдарысын саяси жолмен шешудің іргетасы болып табылады.
Сириядағы шындықты түсіну, осы елдің аумақтық тұтастығы мен ұлттық егемендігіне құрметпен қарау, Сирия халқының өзінің тағдырын өзгертуге, соның ішінде Башар Асадтың саяси болашағын айқындауға және осы елде терроризмді толығымен жоюға қатысты талап-тілектеріне құрметпен қарау Сирия дағдарысын шешу үшін қисынды әрі теңдессіз жоба болып табылады.
Сирия Президенті Башар Асадтың айтуынша, Астанадағы немесе басқа кез-келген жердегі келіссөздер емес, дауыс беру учаскелері оның саяси болашағын айқындайды. Өйткені Сирияның Конституциясы бойынша, халық сайлауға қатысу арқылы өзінің Президентін сайлайды.
Осы жоба аясында орындау тәсілдері туралы диалог өткізу Сирия дағдарысын шешу көкжиегін үміттендіре түседі. Бүгінде әлем халықтарының назары Астана келіссөздеріне ауып отыр. Олар Сирияның 6 жылдық дағдарысының соңы не боларын күтуде.
Пан Ги Мунның басқаруы кезіндегі БҰҰ-ның әлсіз әрекеттерінің жаңа Бас хатшы Антонио Гутьеррестің кезінде есесі қайту үшін осы халықаралық ұйымның Астана келіссөздеріне белсенді әрі бейтарап түрде атсалысуы – бұлтартпас қажеттілік. Астана келіссөздері болашақта Женевада өтетін «сириялық-сириялық» саяси келіссөздерінің негізі болады деп жоспарлануда.