Джабери Ансари Ресей мен Сирия делегацияларының басшыларымен кездесті
Джабери Ансари Ресей мен Сирия делегацияларының басшыларымен кездесті Астанадағы Сирияның бейбітшілік келіссөздеріне қатысатын ИИР делегациясының төрағасы сейсенбі күні Ресей мен Сирияның делегация басшыларымен жеке-жеке кездесті.
ИРНА-ның хабарлауынша, Иран Сыртқы істер министрінің орынбасары Хосейн Джабери Ансари мен Ресей президентінің Сирия істері жөніндегі арнайы өкілі Александр Лаврентьев Сирияның соңғы өзгерістері, осы елде ағымдағы бітім келісімін жүзеге асыру кезеңдері мен Астана келіссөздерінде қарастырылатын іс-шаралар туралы пікір алмасты.
Сонымен қатар Иран Сыртқы істер министрінің Араб және Африка елдері жөніндегі орынбасары Сирияның БҰҰ-дағы тұрақты өкілі әрі Астана халықаралық саммитіне қатысатын сириялық делегацияның жетекшісі Башар әл-Джафаримен кездесіп, сұхбаттасты.
Бүгін, сәрсенбі күні Қазақстанның бас қаласы Астанада басталуы керек болатын Сирияның бейбітшілік келіссөздерінің үшінші кезеңі қарулы қарсылас топтар мен Түркия делегацияларының кедергі тудырып, келіссөздерге келмеуі салдарынан ертең, ақпан айының он алтысына қалдырылған жағдайда осындай кездесулер өткізіліп жатыр.
Бұл келіссөздердің бірінші кезеңі қаңтар айының жиырма үші-жиырма төрті күндері Астанада өткен болатын. Сирияның заңды үкіметінің өкілдері қарулы қарсыластармен алғаш рет бетпе-бет сұхбаттасты.
Өткен аптада Ресей, Иран мен Түркия мамандарының дедегациялары және БҰҰ-ның өкілдері Астанада келіссөздердің екінші кезеңін өткізді. Ол жерде бітім орнатуға қатысты келісімдерді жүзеге асыру, оны бақылаудың ықпалды тәсілдері мен сенім тудыру шаралары қарастырылды.
Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің мәлімдеуінше, Астана-3 отырысына Иран, Түркия мен Сирия үкіметінің делегациялары, қарулы қарсыластардың өкілдері, БҰҰ-ның Сирия істері жөніндегі арнайы өкілі Стаффан де Мистура және АҚШ пен Иордания өкілдері қатысатын болады.