Қазақстан Сирияға бейбітшілікті қорғайтын күштерін аттандыруға әзірлігін жариялады
Қазақстан Президенті Сирияға өзінің бейбітшілікті қорғайтын бітімгер күштерін жіберуге дайын екенін хабарлады.
ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бейсенбі күні: «Қазақстан ел Парламентінің қаулысымен және ҚР Конституциясына сәйкес өз күштерін Сириядағы қақтығыстар азайтылған аймақтарға жіберуге дайын»,-деді. Ол, сондай-ақ, бұл шешімнің БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі тарапынан Сирияға бейбітшілікті бақылаушы күштерді жіберу туралы қарар қабылдауына байланысты екенін айтты.
Бұдан бұрын Қазақстан Астана келіссөздерін өткізу жауапкершілігін өз мойнына алды. Онда Иран, Ресей мен Түркияның бастамасымен Сирияда жалпы атыс тоқтатылған аймақтар мен қақтығыстар азайтылған төрт аймақ құру жобасы қабылданды. Сонымен қатар, Сирия бейбітшілігі келіссөздерінің алтыншы кезеңі де 14-15 қыркүйек күндері Қазақстанның елордасы Астана қаласында өтті.
Бұл шара Қазақстанның Орта Азия елдеріне жетекшілік етуді өз қолына алу стратегиясының бір бөлігі болып табылатыны анық. Қазақстан Ресеймен көршілес әрі тығыз қарым-қатынаста болғандықтан, халықаралық шешімдерде өзінің Ресейге жақтасатынын көрсетуге талпыныс жасап жатыр. Мұндай шара Қазақстанға Орта Азияда жетекші рөл атқару үшін Ресейдің келісімін алуға көмектеседі, ал басқа жағынан ең маңызды халықаралық қайшылықтардың бірінде бейбітшілікті сақтаушы рөліне ие болу арқылы Орта Азиядағы орнын нығайтып, халықаралық жүйеде маңызды ойыншыға айналуына септігін тигізеді.
Ресей мен Орта Азия істер жөніндегі сарапшы Самуэль Рамани: «Қазақстанның Сирия дағдарысында рөл атқаруы бұл елдің әлемдік деңгейде жұмсақ күшінің артуына себеп болып, халықаралық дағдарыстар барысында оны арағайын рөлінде көрсетеді»,-деді.
Басқа жағынан Қазақстанның Ресей және Сириямен қарым-қатынасы Мәскеуге Қазақстанның осы дағдарыс барысында Ресейдің мүддесін қолдайтындығына сенімділік береді. Бұл мәселе Ресей үшін Сирияда Батыс пен АҚШ-тың жобаларын орындаудың алдын алу жолында өте маңызды. Мұндай шара Ресей одақтастарының саяси және әскери рөл атқаруын қажет етеді. Мұндай жағдай Астана келіссөздері мен Қазақстанның рөлін арттыру арқылы қалыптасты.
Қазақстанның шаралары бұл елдің Сирия дағдарысын тиімді пайдаланып, халықаралық қарым-қатынаста маңызды рөлге ие болуды көздейтінін көрсетеді. Сондықтан, Сирия үкіметі мен оның одақтастарының лаңкестік топтармен күрестегі сәттіліктерінен кейін Қазақстанның осы маңызды рөлге қол жеткізу мүмкіндігі арта түскен сияқты.