Қазақстанның Бас мүфтиі экстремизмнің таралуы туралы ескертті
(last modified Sun, 04 Mar 2018 07:32:55 GMT )
Нау 04, 2018 13:32 Asia/Almaty
  • Қазақстанның Бас мүфтиі экстремизмнің таралуы туралы ескертті

Қазақстанның Бас мүфтиі Серікбай қажы Ораз ислам елдеріне дұшпандардың экстремизмді тарату үшін ислам дінін теріс пайдаланып жатқаны туралы ескертті.

Қазақстанның Бас мүфтиі Серікбай қажы Ораз Астанада Еуразия мұсылмандары үлемдерінің конференциясында сөйлеген сөзінде соңғы жылдары аймақ елдері арасында пайда болған қайшылықтарды исламмен байланыстырмау керектігін қуаттады.

Экстремистік ағымдарды таныстыру және Орта Азия елдерінде осы топтармен күресудің жолдарын қарастыруға қатысты отырыстар өткізу ДАИШ сияқты лаңкестік топтармен күресетін жолдардың бірі саналады. Осындай отырыстарда сонымен қатар, Орта Азия республикаларындағы жастардың лаңкестік топтарға бет бұруының себептері көбірек анықталады.

Орта Азия елдері арасында Қазақстанда ваххабилік ағымға қарасты әсірешіл топтар мен ұйымдар және ДАИШ лаңкестік тобын қолдаушылардың саны бәрінен көбірек. Қазақстан мұсылмандарының Діни басқармасы өткен жылы 180-нен астам экстремисті шынайы исламға қайта тартқаны туралы айтты.  Осы салада Қазақстанның дін істері жөніндегі сарапшыларының бірі Дәулет Ибраев Қазақстандағы кедейшілік пен халықтың, әсіресе жастардың діни сауатсыздығын олардың экстремизмге бет бұруының негізгі себебі деп атап, жастардың экстремистік топтарға бет бұруының келесі  себебінің әлеуметтік қиындықтар екенін айтып: «Экстремистік топтарға  мүшелердің көбін 25-35 жас арасындағы ауыл жастары құрайды. Бұл жастар кедей отбасыларда өскен, жоғары оқу орындарына бармаған және қамауға алынғанға дейін еш жерде тұрақты түрде жұмыс істемеген»,-деді.

Мұнымен қоса, экстремизмді тарату және дамыту саласындағы кейбір халықаралық ағымдар лаңкестік топтардың мақсаттарына дем беріп, соларды жарнамалайды. Осыған қатысты ислам дінінің маманы шейх Рейхан Реза әл-Азхари: «Батыстың ақпарат құралдары қате мәліметтерді жариялап, исламнан үркіту арқылы Батыс жастарының экстремизмге бет бұруына себеп болады»,-деді. Шейх Рейхан Реза әл-Азхаридің айтуынша, мұсылмандардың илаһи кітабы қасиетті Құранда тіпті ішіп-жегенде де ұстамдылық сақтап, асыра сілтеуден бас тартуға кеңес берілген. Осы шындықтардың барлығы  экстремизмді насихаттаушылардың ислам әлемінен тысқары жерде орналасқанын және экстремистік-лаңкестік ағымдарға жетекшілік етіп, жоспар құруға жауапты екенін көрсетеді. Осындай халықаралық ағымдардың алдында мұсылман халықтардың надандығы, кедейшілігі де тұр. Басқаша айтқанда, материалдық кедейшілік пен білімнің жеткіліксіздігі Орта Азия мен Кавказ жастарының экстремистік ағымдарға бет бұруының негізгі себептерінің қатарына жатады.