Киев қаласында қазақ құрылтайы өтті
(last modified Wed, 26 May 2021 17:03:28 GMT )
Maм 26, 2021 23:03 Asia/Almaty
  • Киев қаласында қазақ құрылтайы өтті

Бүгін 2021 жылғы 26 мамырда Киев қаласында Украинада тұратын қазақтардың тұңғыш құрылтайы өтті, деп хабарлайды "Отандастар қоры" баспасөз қызметі.

Игілікті іс-шара Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу аясында Қазақстан Республикасының Украинадағы Елшілігі мен қазақ диаспорасы бірлесіп алғаш рет өтті.

Алыстағы ағайынға ҚР Украинадағы Елшісі Дархан Қалетаев құттықтау сөзін сөйлеп, атажұрттың ыстық сәлемін жеткізді. Сондай-ақ, жиынға Украинаның этносаяси және ар-ождан бостандығы жөніндегі мемлекеттік қызмет төрағасы Елена Богдан, Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ректоры Ерлан Сыдықов және Украина Жоғарғы Радасының халық депутаты, Қазақстанмен ынтымақтастық жөніндегі парламентаралық топтың мүшесі Сергей Нагорняк қатысты.

Құрылтайдың екінші бөлігінде Киев қаласындағы «Достық» Қазақ мәдени қоғамының басшысы Данияр Егамбердиев, Харьков қаласындағы «Бірлік» қазақстандық ұлттық ҚБ басшысы Макка Қаражанова және қазақ диаспорасының өкілі Рүстем Жанғожа шеттегі қандастар атынан сөз сөйлеп, атажұртпен арадағы рухани, мәдени, экономикалық байланыстың артуына күш салатындарын атап өтті. Олар халқымыз тату береке-бірлік арқасында талай белестерді бағындыратынына тоқталды.

Этникалық өнер қайраткерлері қауымдастығы басқармасының президенті, Украинаның Ұлттық қоғамдастықтары бойынша Рада төрағасының орынбасары, Украинаның еңбек сіңірген әртісі Инеш Кдырова өз сөзінде украин және қазақ халықтарының берік достық қарым-қатынасына ризашылығын жеткізді.

Құрылтай соңында жаңа қауымдастық басшысы сайланды. Қатысушылар түрлі атқарылған бағдарлама мен жобаларға қатысты ұсыныс-пікірлерін ортаға салып, жиынды қорытындылады. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласқан қандастарымыз ҚР Украинадағы Елшісі мен «Отандастар қоры» КЕАҚ-тың Алғыс хатымен марапатталды.

Украина қазақтарының құрылтайы

Дереккөзі: "Отандастар қоры" КЕАҚ

Ескерту: Мәтін өзгертілмей берілді.