Жел 18, 2021 16:14 Asia/Almaty
  • Қазақстанда Тәуелсіздік күніне арналған «Тәуелсіздік – бабалар аманаты» атты поэзия кеші  өтті

Биыл Қазақстанның Тәуелсіздік алғанына 30 жыл толып отыр. Еліміз осы уақыт ішінде біраз қиындықты еңсеріп, дамудың даңғыл жолына түсіп, өркениет көшінен қалыс қалмай, жаһандық елдер қатарынан өз орнын алуға талпынуда.

Тәуелсіздікке жету жолында ата-бабаларымыз ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен туған жерді қорғады. Сондықтан Тәуелсіздіктің мәні де, маңызы да айрықша екенін ұмытпауымыз керек.  Оны қастерлеу – бүгінгі жастардың басты парызы.

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студенттері

18 желтоқсан 2021 жылы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті  шетел тілдерін оқыту әдістемесі кафедрасының  6В01705-Шетел тілі: екі шет тілі  (ағылшын-парсы) мамандығының 1-3 курс студенттерінің ұйымдастыруымен ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына  орай «Тәуелсіздік – бабалар аманаты»  атты  поэзия кеші онлайн форматта өтті. Аталмыш кешке Шетел тілдерін оқыту әдістемесі кафедрасының оқытушылары мен студенттері қатысты. Шараның  басты мақсаты – Тәуелсіздіктің 30 жылдығына  жеткен жетістіктерді насихаттау, бабалар жеткізген тәуелсіздік атты аманатты сақтау.

 Кеш барысында шетел тілдерін оқыту әдістемесі кафедрасының  6В01705-Шетел тілі: екі шет тілі  (ағылшын-парсы) мамандығының 1 курс студенті А.Бекмурзина  Қазақстанның 30 жыл  тәуелсіздігі ішінде қол жеткізген жетістіктері туралы толыққанды ақпарат беріп өтті.

Бабаларымыз аңсаған бостандықты, ұлы күнді жырға қосқан ақындар аз емес. Осыған орай, поэзия кешінде  6В01705-Шетел тілі: екі шет тілі  (ағылшын-парсы) мамандығының 1-3 курс студенттері  І. Тілекқабылова «Желтоқсан тағылымы»  және  Р. Абдрахман, Ә. Асқанбай, А. Базарбайқызы, А. Слам қазақ ақындарының Тәуелсіздік тақырыбында жазған шығармаларынан  үзінді оқыды.

 

Р.Садықова

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ұстазы

Тегтер