Қазақстан мен Иран байланыстары
(last modified Thu, 18 Apr 2024 10:53:18 GMT )
Сәу 18, 2024 16:53 Asia/Almaty
  • Қазақстан мен Иран байланыстары

Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен соң Қазақстан Республикасын көптеген мемлекеттер мен халықаралық ұйымдар мойындап, саяси-дипломатиялық қатынастар қалыптаса бастады.

Еліміздің халықаралық қауымдастыққа енуі қарқын алып, сыртқы саясатының негізгі мақсаттары белгіленді. Қазіргі заман талабы Қазақстан Республикасын шетелдерге танытуда тек ресми іс-шаралар мен мемлекет басшылары деңгейіндегі қарым-қатынастарды ғана емес, қарапайым қоғам деңгейіндегі ынтымақтастықты, білім-ғылым саласын дамытуды талап етеді. Осы тұрғыда Қазақстан мен Иран мелекеті арасында тығыз байланыстар орнап, олар  жоғары оқу орындары деңгейінде де жүзеге асуда. Мәселен Қазақстан мен Иран тарихшылары бірлесіп, тарих саласында үлкен жұмыстар атқарды. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанынан құрылған «Тұран-Иран» ғылыми зерттеу орталығы білім мен мәдени байланысты орнатуда маңызды рөл атқаруда. Бұл орталық 2018 жылы ашылып, содан бері жазба деректерді тікелей түпнұсқадан аудару арқылы ұлттық-мемлекеттік мүддеге сай монографиялар, ұжымдық зерттеулер мен мақалалар жариялап, зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Ғылыми-зерттеу орталығының негізгі бағыты: Қазақ тарихына қатысты ежелгі және ортағасырлық жазба деректерді қазақ тіліне аудару арқылы тәуелсіз ұлттық ғалымдарды жетілдіру. Ғылыми зерттеу орталығының директоры жайлы қысқаша тоқталатын болсақ Жеменей Ислам Ақмұратұлы (01.09.1952 ж.т. Иран Ислам Республикасы, Горган қаласы) – шығыстанушы ғалым, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты, Ежелгі және ортағасырлық әдебиеті бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының ақылдастар алқасының мүшесі, Pen клуб мүшесі, тағы басқа қоғамдық ұйымдарының мүшесі, ҚР мәдениет қайреткері. 1929-1933 жылдары Кеңес өкіметі қысымы салдарынан Иран жеріне қоныс аударған маңғыстаулық қажы Ақмұраттың перзенті, экономика магистрі, педагог-әдебиетші. Иран әдебиеті мамандығы бойынша Горгандағы орта оқу орнын (1970), Теһрандағы Иран ұлттық университетінің педагогика ғылымдары факультетін психология мамандығы бойынша (1980), Түркиядағы Стамбул университетінің экономика факультетінің магистратурасын (1989) бітірген. Қазақстан республикасында филология ғылымдарының кандидаты (1999) және филология ғылымдарының докторы (2007) ғылыми атағын диссертация қорғап алған. Иранның Горган, Бәндәр-Түрікмен, Мешһед, Теһран, Тәбриз қаларының оқу орындарында 15 жыл әдебиет, философия, қоғамтану, логика, психология пәндерінен сабақ берді. 1990-93 жылдары Әл-Фараби атындағы ҚазМҰҮ шығыстану факультетінде парсы тілінің оқытушысы, Түркияның «Заман қоғамының» Қазақстандағы өкілі, «Заман-Қазақстан» газетінің редакторының орынбасары, «Парасат» журналының редакторы, Иран-Қазақстан бірлескен компаниясының директоры болды. 1996 ж. қыркүйектен Түркістандағы Қ.А.Ясауи атындағы қазақ-түрік университетінің доценті және этнография институтының ғылыми қызметкері, Абылай хан атындағы университеті, шығыстану кафедрасының доценті болып қызмет істеді. 2000 жылдан бастап М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің жетекші ғылыми қызметкері, 2007 жылдан бастап ТарМУ-дың Дулаттану ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі, директоры, профессоры. Сондай-ақ 2005 жылы Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері белгісімен марапатталды.  2012 жылы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының қолдауымен «Иран және Иран қазақтары» деректі зерттеу еңбегін шығарды. Бұл кітапта Иран қазақтарының Иран жеріне көшу тарихы, сондағы тұрмыс тіршілігі, салт-дəстүрі, білім алу мəселелері, ұлттық тілі мен діні туралы, ұлттық құндылықтарының сақталу жолдары, дүние танымы, экономикалық жəне əлеуметтік жағдайы, өзге елдердегі қазақ қауымдастығымен байланысы, атамекенге деген сағынышы философиялық жəне психологиялық тұрғыдан сараланады.

И.А. Жеменей өз сұхбатында: «Шетте өскен қазақтар мені жақсы түсінеді. Біздің жүрегімізде елге деген сағыныш пен сүю қоздап жүреді. Шетте тусаңыз, математик болсаңыз да, физикаға мамандансаңыз да қазақтану, түркітану зерттейтін бір салаңыз болады. Иран кітапханасы түркіге қатысты дүниеге өте бай. Ол кітаптың барлығы қазақ тіліне толық аударылмаған. Шығыстану саласында біз Ресей мен Өзбекстанның маңайына да жуықтамаймыз. Бізде тарихты тану көбіне аударма болып келеді»,-деген болатын. Сол себепті де осындай зерттеу орталықтары еліміз үшін маңызды. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жанынан ашылған бұл орталық Қазақстан мен Иран елдерінің арасындағы байланысты нығайта түсетіні анық. Осы уақыт аралығында ҚазҰУ мен Иран университеттері басшылығы екіжақты бірнеше сапар ұйымдастырды. Әріптестік оқытушы мен студент алмасу бойынша да жалғасып жатыр. Қазақстандық студенттер Иранда, ирандық студенттер ҚазҰУ-да білім алуда.

 

Рзағазы Г.Б. Медеу ауданы, N19 ЖББМ,

Тарих пәні мұғалімі.

Ибрагимова М.Н. Әл-Фараба атындағы ҚазҰУ,

ЖОО-ға дейінгі дайындық кафедрасының оқытушысы