Хазірет Фатима-Заһра (ғ.с.) туған күнінің жылдығы
(last modified Sat, 21 Dec 2024 14:39:55 GMT )
Жел 21, 2024 20:39 Asia/Almaty
  •  Хазірет Фатима-Заһра (ғ.с.) туған күнінің жылдығы

Джамади ас-сани айының 20-шы жұлдызы жақсылықтың қайнары саналатын хазірет Фатима-Заһра (ғ.с.)-ның туған күні. Сол күні исламның ұлық пайғамбарының үйінен әлемді жарқыратқан нұр көрінді. Әлемнің барша мұсылмандарын исламның ұлық пайғамбарының сүйікті қызы хазірет Фатима-Заһра (ғ.с.)-ның туған күнімен құттықтаймыз!

Алла елшісі уаһи хабарын асыға күтті. Көп ұзамай уәһи періштесі Жебірейілдің қанаттарының көлеңкесі жердің Шығысы мен Батысын жауып, ол: "Уа, Мұхаммад! Ұлы Алла саған сәлем жолдап, қырық күн бойы Хадиджадан алыстауды бұйырды",- деді. Алла елшісі илаһи бұйрыққа бағынып, қырық тәулік бойы әйелі Хадиджадан алыстады. Хазірет күндерді ораза тұтып, түндерді ғибадат жасап өткізді. Жұбайынан алыстауының илаһи бұйрық екенін айту үшін  Амморды хазірет Хадиджаға жіберді. Қырық күн өтті. Жебірейілдің қанаттары қайтадан жерді жауып, бұл жолы Алла елшісіне алма беріп: "Уа, Мұхаммад! Жаратушы саған сәлем жолдап, бұл сыйлықты саған жаннаттан жіберді",- деді. Хазірет алманы жеп, Хадиджаның үйіне барады. Төсегінен тұрған хазірет Хадиджа Фатиманың нұрын сезді. Күндердің бірінде Алла елшісі үйіне кіріп, хазірет Хадиджаның біреумен сөйлесіп отырғанын көріп: "Хадиджа, біреумен сөйлесіп отырсың ба?"- деп сұрады. Хазірет Хадиджа: "Құрсағымдағы бала менімен сөйлеседі",- деді. Сол кезде Жебірейіл келіп: "Уа, Мұхаммад! Хадиджаға құрсағындағы баланың қыз екенін, пайғамбар ұрпағының осы сәбиден тарайтынын айт",- деді.

Беғсаттың бесінші жылының джамади ас-сани айының 20 жұлдызында хазірет Хадиджаның денесі қатты дертті сезді. Ол Құрайыш пен Хашим әулетінің әйелдері көмекке шақырып, оларға адам жібергенде олар келмей: "Сен  бізді  тыңдамай, Абуталибтың еш нәрсесі жоқ жетіміне тұрмысқа шықтың",- деп жауап берді. Хазірет Хадиджа өз дертімен жалғыз қалды. Бір кезде бойлары ұзын, әдемі төрт әйел бөлмесіне кіріп келді. Ол қорқып кетті. Бірақ келген әйелдер: "Уайымдама, Хадиджа! Біз – Алланың елшілеріміз: хазірет Ибрахимның әйелі Сара, Перғауынның әйелі – Әсия, Имранның қызы – Мәриям, хазірет Мұсаның қарындасы – Күлсүм",- деді. Олар хазірет Хадиджаның айналасына отырып, оған көмектесуге кірісті.

Хазірет Хадиджаның сәбиі пәк әрі нұрлы болды. Оның нұры бүкіл үйге тарап, жаннаттың хор қыздары Кәусардың суына толы ыдыспен Хадиджаның үйіне кірді. Сәбиді Кәусардың суымен жуып, сүттен ақ, мускус пен амбреден де хош иісті матаға орады. Олар сәбиге ат қойғысы келді. Бірақ Жаратушы тарапынан періште келіп, баланы «Фатима» деп атады. Бұл Исламда есімі "Фатима" деп қойылған бірінші сәби және әйелге деген надандық көзқарасты өзгерткен бірінші қыз болды. Алла елшісінің ардақты қызы хазірет Фатима-Заһра (ғ.с.)-ның туған күні ИИР-да «Әйел күні» деп аталады.

 

Адамның болмысын құнды етіп, оның амалдары мен ұстанымдарын тәртіпке келтіретін – адамның ойы. Ой-пікірді тәртіпке келтіріп, бір жаққа қарай бағыттайтын – білім мен ғылым. Сондай-ақ, ой мен білімді пайдалы әрі әсерлі ететін нәрсе – адамның иманы. Исламның ұлық пайғамбарының қызы хазірет Фатима (ғ.с.) барлық құнды сипаттарға ие болды. Ол адами және ахлақи құндылықтарға табанды әрі жанкештілік пен пәктіктің үлгісі болып, Алланың алдында ғибадат жасауға ынтық еді: "Алланың алдында ғибадат жасауым мені кез келген қалауымнан алыстатады. Алланың әдемілігі мен айбындылығының бақылаушысы болудан басқа арманым жоқ",- деген болатын.

Хазірет Фатима (ғ.с.)-ның қасиетті әрі ең танымал лақап аттарының бірі "Заһра" деген аты болды. Ол "нұр" және "жарқырау" деген мағынаны білдіреді. Имам Садық (ғ.с.)-нан: "Неге Фатиманы Заһра деп атаған?"- деп сұрағанда, имам: "Өйткені, Фатима ғибадат жасап, михрабта тұрғанда аспандағы жұлдыздар жердегілер үшін жарқырағандай, оның нұры аспандағылар үшін жарқырайтын",- деп жауап берген. Хазірет Фатима (ғ.с.)-ның ілімі мен білімі Исламның ұлық пайғамбарының ілімі мен білімімен мықты байланысты болды. Умма Салме және құрайыш тайпасының әйелдерімен кездескен кезде хазірет Фатима (ғ.с.)-ның айтқан сөздері даналыққа толы болды. Сондай-ақ, Медине мешітінде халифа мен халық жамағатының алдында мағынаға толы тарихи құтпасын айтып, пайғамбар (с.ғ.с.) дүниеден озғаннан кейінгі қоғамдағы бұрмалаушылықтар туралы ескерту жасады.

 

Хазірет Фатима (ғ.с.) сөз сөйлеген кезде де мейірімді мұғалім сынды болды, амалдарында да адамгершілік пен адалдықтың үлгісін танытты.  Хазірет Фатима (ғ.с.) Алла елшісінің сүйіктісі және оның жанының бір бөлігі еді. Әке мен қызы арасындағы қарым-қатынас махаббат, құрмет пен әдепке сүйенді. Алла елшісі қызының қасына барған сайын ол орнынан тұрып, әкесіне құрмет көрсететін. Әкесі де солай жасайтын. Имам Хомейнидің айтуы бойынша, "Ислам тарихы Алла елшісінің хазірет Фатимаға деген шексіз құрметіне куә. Бұл әйелдің қоғамдағы ерекше орнын білдіреді. Әйелдің қоғамдағы рөлі ерлерден артық болмаса, кем емес".

Хазірет Фатима (ғ.с.)-ның Құрандағы бейнесі илаһи әрі мадаққа ие. "Кәусар" сүресі – хазірет Фатиманың Құран Кәрімдегі беделі мен ұлылығының ең айқын үлгісі. Хазірет Фатима (ғ.с.)-ның дүниеге келуімен Алла Тағала пайғамбарға оған "Кәусардың", яғни көптеген жақсылықтың сыйға беріліп, оның ұрпағының жойылмайтынын хабарлады. Мұсылман ғұламалар "Мүбаһеле", "Моваддат" және "Татхир" аяттары деп танымал болған аяттарды да хазірет Фатима (ғ.с.)-ға қатысты деп санайды. Джалаладдин Сиути өз тәпсірінде әртүрлі құжаттарға ие шамамен 20 рауаятты баяндап, "Ахзаб" сүресінің: "...Пайғамбардың үй-іші! Шын мәнінде, Алла сендерден арамдықты аулақ қылып, өздеріңді тап-таза қылуды қалайды",- деген  33-ші аяты туралы: "Бұл аяттағы "пайғамбардың үй-ішіне" тек Алланың елшісі, Әли, Фатима, Хасан мен Хусейн  ғана кіреді",- деп қуаттады.

 

"Татхир" аяты деп танымал болған аят пайғамбарға әйелі Умма Саламенің үйінде жіберілді. Имам Ахмад бен Ханбал Умма Саламенің: "Алла елшісі Фатимаға жұбайы мен екі баласын шақыруды сұрады. Олар келген кезде хазірет олардың үстіне абасын жауып, олардың үстіне қасиетті қолын қойып: "Уа, Жаратушы! Бұлар – менің отбасым.  Мұхаммад (с.ғ.с.) пен оның әулетіне сәлем мен салауатыңды жолда. Сен ұлы мәртебелісің",- деді. Умма Саламе: "Мен абаның бір бұрышын көтеріп, оларға қосылғым келді, бірақ пайғамбар рұқсат бермей, маған құрмет білдіріп: "Саған да жақсылық тиеді",- деді",- деп айтқан сөзін жеткізген болатын. Ибн Худжр Хейсами тәпсіршілердің көбінің "Татхир" аятының хазірет Әли, хазірет Фатима және имам Хасан мен имам Хусейнге қатысты жіберілгенін мойындайды.

 

Хазірет Фатима-Заһра (ғ.с.)-ның қарапайым өмір сүруі мен қанағатшылығы оның өмірінің негізгі ерекшеліктеріне жатады. Ол әкесінің, кейін жұбайының үйінде де қарапайым өмір сүрді. Хазірет Фатима (ғ.с.)-ның  мейірімді әрі пәк рухы, оны дүние мен дүниедегі сән-салтанаттан алыстатты. Ол бүкіл өмірінде қарапайым және рухани құндылықтар бойынша  өмір сүрді. Ол: "Сіздердің дүниелеріңізден Алланың кітабын (Құранды) оқу, Алла елшісінің бетіне қарау мен Алла жолында қайырымды болу сынды үш нәрсені жақсы көремін",- деген. Алла елшісінің әйелдерінің бірі Айша: "Сөзі мен амалы Алла елшісіне қатты ұқсайтын Фатимадан басқаны көрмедім. Әкесінің перзентіне деген махаббаты мен сүйіспеншілігінің шынайы болғаны сондай, әкесі қызын көрген сайын: "Мен Фатимадан жәннәттің иісін сеземін",- дейтін",- деп есіне алатын.

Хазірет Фатима (ғ.с.) еш уақытта өзінің беделінен айырылмаған және әйелдің кемелдікке жете алатын жоғары мүмкіндіктерге ие екенін көрсеткен илаһи әйелдің үлгісі болды. Ол қоғамдық-саяси тұрғылардан алда болған,  адамгершілікті ұмытпаған кемел адам еді. Хазірет Фатима-Заһра (ғ.с.) адамгершілік пен иманның  жоғары биіктігінен әлемнің бүкіл әйелдеріне мейіріммен қарап, оларды өзі сынды қарапайым өмір сүру тәсілін таңдауға шақырады.