Иран ауған мигранттарды қабылдағанымен, әлемнің жауапкершілігі ұмытылды
Батыс елдері Ауғанстанда көптеген қиындықтардың туындауына себеп болды, сондықтан ауған мигранттарға қатысты өз міндеттерін орындауы керек.
Иран Сыртқы істер министрінің саяси істер жөніндегі орынбасары сейіт Аббас Арақчи сенбі күні Иранның ауған мигранттарды қабылдауы туралы айтқан жуырдағы сөздеріне қатысты туындаған кейбір күмәндарға жауабында: "Ауған мигранттарды Ираннан шығару мәселесі көтерілген жоқ. Бірақ Ауғанстанда көптеген қиындықтардың туындауына себеп болғандар ауған мигранттарға қатысты өз міндеттемелерін орындауы керек",-деді.
Иран 40 жылға жуық уақыт бойы ауған босқындарды қабылдады және өз қонақжайлылығын мақтан тұтады. Бірақ басқалардан да осыған қатысты өз міндеттерін орындауын қалайды. Иранның есірткі заттарымен күрестегі шаралары мен Еуропаның бұл саладағы әлсіз әрекеті – Батыстың екіжүзділігінің дәлелі. Иран полициясы мен шекара күштерінен 4 мыңнан астам адам есірткі заттары контрабандасымен күресте шәһид болды. Есірткі заттары Ауғанстан мен аймақтан көбіне Еуропаға қарай бағытталады.
Мигранттардың бір елде ұзақ уақыт тұруы белгілі бір қиындықтарды тудырады. Ешбір ел оларды өзі жалғыз шеше алмайды.
БҰҰ-ның Босқындар ісі жөніндегі комиссариатының мәліметі бойынша, Иранда заңды түрде тіркелген 1 млн-ға жуық ауған мигрант өмір сүреді. Шамамен 2 млн ауған заңсыз әрі құжатсыз Иранда тұрып жатыр. ИИР мигранттарға көмектесіп, оларға қажетті қызметтер көрсетуден ешқашан аянып қалған жоқ. Ислам революциясы жетекшісінің Иранда ауған балаларына білім беру туралы бұйрығы босқындарға қызмет көрсетудегі ең үздік саясаттардың бірі саналады.
Ислам революциясының жетекшісі хазірет аятолла Хаменеи 2015 жылдың мамыр айында тіпті заңсыз жүрген ауған балаларына білім беру қажеттігі туралы: "Ешбір ауған баласы, тіпті Иранда заңсыз, құжатсыз жүрген мигранттар оқудан қалып қоймауы керек. Олардың барлығы ирандық мектептерде тіркелуі тиіс",-деді.
Мигрант болу кезеңінен өтудің ауыр екені анық. Бірақ бұл кезеңді төзуге тұрарлықтай ететін нәрсе – саяси ерекшеліктеріне қарамай, барлық босқындарға шынайы қолдау көрсету. ИИР-ның қазіргі сөзі осы: Ауғанстан халқының қам-қайғысы мен босқындығы бұл елде тұрақтылық пен қауіпсіздік орнамай жойылмайды. Ауғанстан халқының босқынға айналып, қиындыққа ұшырауына себеп болғандар – бірінші кезекте батыстықтар мен лаңкестік топтарды құрып, қолдаушылар, Ауғанстанға әскери күш жіберіп, әскери база ашып, соғыс бастағандар. Осы шындықтарды назарға ала отырып, Иран Сыртқы істер министрінің саяси істер жөніндегі орынбасары: "Бізбен әріптестік жасамай, керісінше санкция салып, оларда еш қиындық туындамайды деп ойлауға, ИИР барлық шығынды өзі көтереді деп күтуге болмайды",-деді.