Израиль бейбіт белсенділерді тасымалдаған "Зейтуне" кемесін тоқтатты
Палестинаны азат ету ұйымының бас хатшысы әрі Палестина автономды құрылымының аға қайраткері Саеб Ариқат халықаралық бейбіт белсенділерді тасымалдаған «Зейтуне» кемесінің Газаға жақын жерде сионистік күштер тарапынан тоқтатылуына реакция білдіріп: «Сионистер халықаралық заңдарды бұзып, палестиналықтарды басып-жаншу, оларға қарсы қылмыс жасау және оларды қоршауға алуды жалғастырып жатыр»,-деп мәлімдеді.
Бұл палестиналық қайраткер «Зейтуне» кемесінің бейбіт белсенділерінің тез арада босатылуын талап етіп: «Палестина халқы Израильдің қысымдарына мойынұсынбайды»,-деді.
ХАМАС, Исламдық джиһад және Фатх сияқты негізгі палестиналық топтар да өз мәлімдемелерінде сионистік режимнің Газаға халықаралық бейбіт белсенділерді тасымалдаған кемеге шабуыл жасап, оны тоқтатуын айыптап: «Бұл режим Палестина халқын өзінің құқығына қол жеткізуден бас тарттыра алмайды»,-деп мәлімдеді.
Израиль режимі сәрсенбі күні «Зейтуне» кемесінің қоршаудағы Газа секторына баруына тосқауыл қойып, оны «Эштод» айлағына тасымалдап, осы кемедегі 15 бейбіт белсенді әйелді, соның ішінде «Бейбітшілік» номинациясы бойынша Нобель сыйлығының жүлдегері солтүстік ирландиялық Мейрид Магуайрды «Бен Гурион» әуежайына жеткізді. Сионистік режим осы әйел белсенділерге өз елдеріне, яғни, Испания, Швеция, Норвегия, Аустралия, Канада мен АҚШ-қа қайту үшін үш күн мұрсат берді.
Газаға гуманитарлық көмектер жеткізуді көздеген және бейбіт белсенділер тасымалдаған кемелерге бұрын да шабуыл жасаған сионистік режим 2010 жылы 37 елден жиналған 663 бейбіт белсендіні тасымалдаған 6 кемеден тұратын «Газаның бостандығы» атты теңіз керуеніне халықаралық еркін суларда шабуыл жасаған болатын. Соның салдарынан 9 түрік белсенді қаза тауып, 60 адам жараланды. Сионистік режимнің Газаға бағыт алған гуманитарлық көмектер мен бейбіт белсенділерді тасылмалдайтын кемелерге шабуылы БҰҰ-ның Газа тұрғындарының 80 пайызының өздерінің күнделікті қажеттіліктерін өтеу үшін гуманитарлық көмекке мұқтаж екендіктерін, ал осы аймақтың шамамен 2 млн тұрғынының 43 пайызға жуығының жұмыссыз екендіктерін жариялаған жағдайда жалғасып жатыр.
Израиль тарапынан Газа секторының қоршауға алынуы және Мысырдың осы аймақпен шекарада шектеулер қоюы, сонымен қатар Израильдің 6 жыл ішінде Газаға 3 рет шабуыл жасауынан қалған қирандылар бұл аймақтың жағдайын алаңдатарлық күйде қалдырып отыр. БҰҰ өткен айда қалыптасқан жағдайға байланысты Газаның алдағы 4 жылда өмір сүруге жарамсыз жерге айналатынын мәлімдеді.
Израиль 2006 жылдың қаңтарынан бері ХАМАС қозғалысы Палестина Мәжілісінде жеңіске жеткеннен кейін осы қозғалысты құлату мақсатында Газаны әуеден, құрлықтан және теңізден қоршауға алды. Қазір де халықаралық ескертулерге қарамастан бұл аймақты қоршауда ұстауды жалғастыра беретінін жариялап отыр.
Израильдің заңды түрде халықаралық айлақтар арқылы Газаға аттанған «Зейтуне» кемесіне шабуыл жасауы Палестина мәселесін қолдайтын бейбіт белсенділерге қарсы ашық түрдегі қарақшылық болып табылады. Газа қоршауы жойылғанға дейін халықаралық талпыныстар жалғасып, нәтижесінде бұл Израильдің одан ары масқаралана түсуіне себеп болады.