Сирияда атысты тоқтату кезіндегі Рияд, Тель-Авив пен Анкараның қастығы
Сауд Арабиясы Сирия Президенті Башар Асадты билік басынан түсіру мақсатында сионистік режиммен ынтымақтастық етуде. Сирияда атыс тоқтатудың жариялануынан екі күн ғана өткен жағдайда Сауд Арабиясының Сыртқы істер министрі мен Барлау ұйымы басшысының Израильге сапар шеккені белгілі болды.
Ресейдің «Спутник» ақпарат агенттігі жексенбі күні соңғы күндері Сауд Арабиясының Сыртқы істер министрі Адель әл-Джубейр мен Барлау ұйымының басшысы Халед әл-Хамиданның басып алынған жерлерге, яғни Израильге құпия түрде сапар шеккені туралы маңызды қауіпсіздік мәлімдеменің таратылғаны туралы хабарлады.
Бұл хабар бойынша жарияланған мәлімдемеде Сирия мен Ливанға қарсы ықтималды әскери әрекеттер туралы хабарланған. Мұндай шешім Сауд Арабиясы басшыларының Израиль басшылары және Израильдің барлау қызметі МОССАД-тың басшысымен кездесуінде қабылданған. Осы негізде Адель әл-Джубейр Израильге сапар шегіп, сионистік режимнің премьер-министрі Бениямин Нетаньяхумен кездесті.
«Спутниктің» мәліметі бойынша, Адель әл-Джубейрдің Израильге сапар шегуінің ең маңызды мақсаты Сауд Арабиясының Тель-Авивтен құрлық шабуылы басталған жағдайда Сирия үкіметіне қысым көрсету үшін Сирияның оңтүстігіне тікелей араласуын сұрауы болды. Ұлыбританияның «Financial Times» газеті де өткен аптада: «Сауд Арабиясы Түркиямен ынтымақтастық жасап, әскери жобаны іске асырып, Сирияның оңтүстігінде құрлық амалдарын орындамақ»,- деп жазды.
Сауд Арабиясы мен Түркия саяси үдеріс пен Женевадағы Сирияның бейбітшілік келіссөздеріне қосылмай, Башар Асадты билік басынан алып тастауды мақсат етуде. Сионистік режимнің премьер-министрі Асадтың билігінің аяқталып, өзіне шекаралас жерде қарсыласу майданының ыдырауын қолдайды. Сол себепті Сирияда дағдарыс бастала салысымен жарақат алған лаңкестер израильдік ауруханаларда емделіп, сол елде қаруланды.
Израильдік офицерлер ДАИШ пен ән-Носрат лаңкестеріне Сирияның оңтүстігінде басып алынған Голан жоталары аймағында әскери жаттығулар өткізді. Тіпті Изриальдің армиясы лаңкестерді қолдап, Сирияның оңтүстік аймақтарында үкіметтік нысандарды нысанаға алды.
АҚШ-ның Мемлекеттік хатшысы Джон Керридің «егер Сириядағы атыс тоқтату нәтижеге жетпесе, басқа жобалар дайын» деген сөздері мен Сауд Арабиясы Сыртқы істер министрінің Израильге шеккен сапарының әшкереленуі екі мәселенің арасындағы байланысты көрсетеді. Сауд Арабиясы мен АҚШ басқарған араб-батыс майданы кез келген жағдайда Башар Асадты алып тастауды мақсат етіп, өз мақсатына жету үшін кез келген жолды пайдаланады. Сириядағы атысты тоқтату әртүрлі сұрақ тудырды. Ресей Сыртқы істер министрі орынбасарының Джон Керридің сөздеріне алаңдаушылық білдіруі осы саладағы күдік-күмәндерді көбейтті. Әскери шабуыл – Сирия дағдарысын шешуге арналған саяси үдеріс бұзылған жағдайдағы АҚШ-тың қарастырып отырған келесі жобасы. Атыс тоқтату кезінде әртүрлі аймақтарда, атап айтқанда Сирияның оңтүстігіндегі жоталарда лаңкестердің позицияларын нығайту тосын мәселе емес. Оның іске асырылуы Сауд Арабиясы Сыртқы істер министрінің Израильге жасаған сапарында қарастырылды.
Сириядағы бес жылға созылған дағдарыс пен Сирия халқы мен Башар Асадтың лаңкестер мен олардың қолдаушыларына қарсы табандылығы Сауд Арабиясы, Түркия және Израиль үшін Асадты билік басынан алып тастаудың оңай іс емес екенін көрсетеді.