Иран Парсы шығанағы ынтымақтастық кеңесінің мәлімдемесіне наразылық білдірді
Парсы шығанағы ынтымақтастық кеңесі тарапынан Ливанның Исламдық қарсыласу қозғалысы Хезболланың әрекеттерінің лаңкестік деп аталуы ИИР-ның наразылығына себеп болды.
Иран Сыртқы істер министрлігінің ақпарат хатшысы Хосейн Джабери Ансари бейсенбі күні Парсы Шығанағы Ынтымақтастық Кеңесінің Ливанның исламдық қарсыласу қозғалысы Хезболланы лаңкестік топ деп атаған мәлімдемесін сынап: «Бұл қозғалыс басқыншылар алдындағы қарсыласуы және төзімділігімен, сондай-ақ Палестинаның езгідегі халқына жан-жақты демеушілік жасауы арқылы сионистік режиммен қарсыласудың символына айналды» деді.
Джабери Ансари Хезболланың ИСИМ мен ән-Носрат лаңкестерінің Сирия мен Ливандағы ықпалының артуының алдын алудағы рөліне тоқталып: «Осындай жағдайда кейбір араб үкіметтері тарапынан Хезболланың әрекеттерінің лаңкестік деп аталуы тек Ливанның бірлігі мен қауіпсіздігіне ғана емес, сондай-ақ, аймақтың тұрақтылығы мен қауіпсіздігіне де зиян келтіреді» деді.
Өткен аптада Сауд Арабиясының Сыртқы істер министрі Адель әл-Джубейр арқылы осы режимнің Хезболла қозғалысына қысымды көбейту талпыныстары әшкере болғаннан кейін Арабстан, БАӘ, Бахрейн, Катар, Кувейт пен Оманнан құралған Парсы шығанағы ынтымақтастық кеңесі сәрсенбі күні Риядқа ілесіп, Хезболланы лаңкестік топ деп атап, оған қарсы шешім қабылдайтындықтарын мәлімдеді.
Парсы шығанағы ынтымақтастық кеңесінің Ливандағы лаңкестік пен сионизмге қарсы ең басты майдан саналатын Хезболлаға қарсы мәлімдемесі аймақтағы қайраткерлер мен басшылардың, сондай-ақ партиялардың ауқымды реакцияларына ұшырады. Қазіргі сезімтал кезеңде осындай мәлімдеменің жариялануы Арабстан бастаған осы кеңестің Ливандағы ішкі бірлікке соққы беру мақсатындағы шынайы ниетін көрсетеді. Арабстан режимі екі апта бұрын да Ливан әскеріне 3 миллиард долларлық көмек беруді тоқтатып, араб инвесторларының Ливаннан өз инвестицияларын шығаруды сұрау арқылы Ливан үкіметіне қысым жасаған болатын.
Сол себепті Ливанның саяси және діни қайраткерлері соңғы күндері Арабстанның Ливан үкіметі мен қозғалысына қарсы жуырдағы қысымдарын байланысты деп атап, бұл қысымдардың тамырының Сириядағы Риядты жақтаушы лаңкестік топтардың жақындағы сәтсіздіктерінен бастау алатынын мәлімдеді.
Осы көзқарасқа сүйенсек, Рияд Йемен мен Ирактағы, әсіресе, Сириядағы араласушылығы сәтсіздікке ұшырағаннан кейін енді Ливан үкіметі мен Хезболлаға қысымды күшейту арқылы Хезболланың лаңкестікке қарсы амалдарына нұқсан келтірумен қатар, өзі мен өзіне қарасты лаңкестерді Сириядан шығару үшін жағдай жасауды көздеп отыр.
Осындай жағдайда ИИР Сирия мен Хезболла бастаған лаңкестік пен сионизмге қарсы қарсыласу майданын қолдап, Парсы шығанағы ынтымақтастық кеңесінің Хезболланы лаңкестік топ деп атаған мәлімдемесін қабылдамаумен қатар, барлық қысымдар мен қастықтарға қарамастан сионистік режиммен қарсыласу және аймақтағы лаңкестікпен күрестің алдыңғы шебі ретінде Ливанның Хезболла қозғалысын қолдайтынын мәлімдеді.