Сирия Ресейден зымыранға қарсы дамыған кешен сатып алу үшін келіссөз жүргізуде
Сирия Президенті Асад: «Дамаск сионистік режимнің шабуылдары мен АҚШ-тың қоқан-лоққыларына төтеп беру үшін зымыранға қарсы жаңа кешен сатып алу туралы Ресей басшыларымен келіссөз жүргізіп жатыр»,-деп мәлімдеді.
Башар Асад TeleSUR телеарнасына берген сұхбатында: «Сирияның осындай кешенге ие болуды қалайтыны табиғи нәрсе, өйткені Израиль режимі 1948 жылдан бері айналасындағы араб елдеріне шабуыл жасап келеді»,-деді. Башар Асад АҚШ-тың жуырда Сирияның орталық бөлігінде орналасқан әш-Шаират әуе базасына жасаған зымырандық шабуылына тоқталып: «Қазір ресейліктермен зымыранға қарсы қорғаныс кешендерін нығайту мақсатында келіссөздер жүргізіп жатқанымыз табиғи нәрсе, өйткені Израиль мен АҚШ-тың қоқан-лоққылары мен әуе және зымырандық шабуылдарына төтеп бергіміз келеді»,-деп мәлімдеді.
АҚШ Сирияның Идлиб облысындағы Хан-Шейхун ауданына химиялық шабуыл жасалғанын және оның Сирия үкіметіне қатыстылығын сылтауратып, 2017 жылдың 7 сәуірінде осы елдің Хомс облысында орналасқан бір әскери базасына зымырандық шабуыл жасады.