Сирия мәселесі бойынша өткен Астана-6 келіссөздерінің жетістіктері
https://itolqyn.com/news/west_asia-i30833-Сирия_мәселесі_бойынша_өткен_Астана_6_келіссөздерінің_жетістіктері
Сирияның БҰҰ-дағы тұрақты өкілі әрі Астана-6 келіссөздеріндегі Дамаск делегациясының басшысы Башар әл-Джафари 15 қыркүйекте отырыстың аяқталғанын хабарлап, Астана отырысында Идлибте қақтығыстар азайтылған аймақ құруға келісілгенін мәлімдеді.
(last modified 2025-09-22T12:04:09+00:00 )
Қыр 17, 2017 13:53 Asia/Almaty
  • Сирия мәселесі бойынша өткен Астана-6 келіссөздерінің жетістіктері

Сирияның БҰҰ-дағы тұрақты өкілі әрі Астана-6 келіссөздеріндегі Дамаск делегациясының басшысы Башар әл-Джафари 15 қыркүйекте отырыстың аяқталғанын хабарлап, Астана отырысында Идлибте қақтығыстар азайтылған аймақ құруға келісілгенін мәлімдеді.

Сирия мәселелеріне арналған Астана келіссөздерінің алтыншы кезеңі 14-15 қыркүйекте Қазақстанның елордасында өтті. Бұл отырысқа Иран, Түркия мен Ресейдің, Сирия үкіметі мен қарулы наразылардың өкілдері, сонымен қатар,  БҰҰ-ның Сирия істері жөніндегі өкілі Стаффан де Мистура қатысты.

Астана-6 келіссөздері бір жағынан Түркия, Иран мен Ресей арасындағы қарым-қатынас соңғы айларда артқан, екінші жағынан Сирия армиясы мен оның одақтастарының соғыс майданында, соның ішінде Дейр эз-Зорда маңызды жеңістерге жеткен жағдайда өтті.

Астана-6 келіссөздерінің ең маңызды жетістігі ретінде қақтығыстар азайтылған жаңа бір аймақ құруды атауға болады. Бұл аймақ Идлиб облысында құрылады. Түркия, Иран мен Ресей өкілдері осы облыстың  қақтығыстар азайтылған аудандарында атысты тоқтату бітімінің сақталуын бақылайтын болады. Астана-6 келіссөздерінің қорытынды мәлімдемесінде  айтылғандай, «Аталмыш елдердің әскери күштері қарсы топтар мен Сирия үкіметіне қарасты күштердің арасында қақтығыстардың алдын алу үшін орналасатын болады».

2017 жылдың мамыр айында өткен Астана-4 келіссөздері негізінде қалыптасқан Сириядағы қақтығыстар азайтылған аймақтарға енді тағы 4 аудан, атап айтқанда Идлиб облысының бірнеше ауданы,  Хомс, Дамаск пен Шығыс Ғуте облыстарының бірнеше бөлігі, Лазакия, Алеппо мен Хама облыстарының бірнеше бөлігі, сондай-ақ,  Дараа мен Канитараның бірнеше  ауданы қосылды. Қақтығыстар азайтылған аймақтар 6 ай мерзімге құрылып, ұзартылу мүмкіндігіне ие. Шын мәнінде, Астана-6 келіссөздерінің келесі бір жетістігін осыған дейін құрылған қақтығыстар азайтылған аймақтар мерзімінің ұзартылуы туралы келісімді атауға болады. Бұл келісім қатігездіктерді азайтуда қақтығыстардан ада аймақтарды құру жобасының сәтті болғанын мойындаумен бірдей.

Астана-6 келіссөздерінің тағы бір жетістігі қақтығыстарды азайтатын күштердің амалдарын үйлестіру және аталмыш 4 аймақта қақтығыстардың алдын алу мақсатында Түркия, Иран мен Ресей арасында бір үйлестіру орталығын құру болды.

Астана-6 келіссөздеріне қатысушылар Сирияның тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын сақтау және терроризммен күресті жалғастыру қажеттігін қуаттады. Бұл тақырып Астана-6 келіссөздерінің қорытынды мәлімдемесінің 4-бабында анық айтылған: «Қақтығыстар азайтылған аймақтар құру ешбір жағдайда Сирия араб республикасының егемендігі, тәуелсіздігі, бірлігі мен аумақтық тұтастығына сызат түсірмейді». Бұл мәселе Сирияны бөлу жобаларының жеңіліс тапқанын білдірумен қоса, Башар Асадтың Сирияның билік басында болуына келіскендіктерін көрсетеді.

Астана келіссөздерінің бірінші кезеңі 2017 жылдың қаңтар айында, екіншісі ақпан айында, үшіншісі наурыз айының ортасында, төртіншісі мамыр айында, бесіншісі 2017 жылдың маусым айында өткен болатын. Астана-7 келіссөздері қазан айында өтеді деп жоспарлануда.