19 қаңтар – Газа күні және исламдық қарсыласу символы
(last modified Thu, 19 Jan 2023 17:51:12 GMT )
Қаң 19, 2023 23:51 Asia/Almaty
  • 19 қаңтар – Газа күні және исламдық қарсыласу символы

19 қаңтар Газадағы 22 күндік соғыстың жылдығына орай ИИР күнтізбесінде "Газа күні" деп аталған.

Құдсты басып алған режим 2008 жылы 27 желтоқсанда Газаға қарсы соғыс ашты. Соғыс 22 күннен кейін 2009 жылы 17 қаңдарда аяқталды. Адам құқығын қорғау орталығы мен Палестина Денсаулық сақтау министрлігінің есептеуі бойынша, Палестинада 1434-ке жуық адам қаза тапты. Олардың ішінде 412 бала мен 115 әйел бар еді. Мұнымен қоса, аймақтың өндірістік, экономикалық және медициналық инфрақұрылымдарына орасан зор зиян келтірілді. 20 мыңнан аса тұрғын үй қиратылды.

Сондықтан соғыс салдарынан болған адам шығыны мен қирандылар адамзатқа қарсы жасалған қылмыс және сионистік режимнің палестиналықтарға қарсы жасаған соғыс қылмысы саналады. Газа халқына қарсы жасалған басқыншылықтың ауқымды болғаны сондай, БҰҰ-ның Адам құқығы кеңесі қарар қабылдап, сионистік режимді адам құқығын ашық бұзды деп айыптап, қоршаудағы Газа секторында Палестина халқына шабуыл жасауды тоқтатуды талап етті.

БҰҰ 2009 жылы сәуір айында 2008 жылғы 22 күндік соғысқа қатысты ақиқатты анықтаушы комитет құрды. Комитет 5 айдан кейін 2009 жылы қыркүйекте 574 беттік есебін БҰҰ-ның Адам құқығы кеңесіне ұсынды. Бұл есепте былай делінген: Израиль соғыс қылмысына барабар әрекет жасады. Израильдің Газа халқына қарсы әскери амалдары осы сектор тұрғындарын жазалау мақсатында жүйелі әрі жан-жақты саясатты ілгерілету үшін жүзеге асырылды.

БҰҰ Бас ассамблеясы да 5 қарашада ақиқатты анықтаушы комитеттің басшысы Ричард Голстоунның есебін растады. Осындай ашық есептің барына қарамастан, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Израильге қарсы және Газа секторын қолдау үшін ешқандай шара қолданбады.

2008 жылғы соғыстан 15 жыл өтті. Газа секторының сионистер тарапынан қоршауға алынғанына 17 жыл болды. Бұл сектор әлі күнге дейін әлемдегі ең үлкен ашық түрме болып отыр. Онда халық қоршаудан зардап шегіп жатыр. Араб елдері сионистік режимнің қылмыстарына үнсіз қарап отыр. ИИР – бұрынғыдай Палестина мен Газаның ең маңызды демеушісі. Иран 19 қаңтарды өз күнтізбесінде Газа күні деп атау арқылы Палестина халқының 2008 жылғы ерлігіне қолдау білдірді.