Америкалық дамыған радарлардың алғашқы тиелімі Украинаға табыс етілді
Украина Америкадан күтіп отырған әскери көмектердің бір бөлігі ретінде Вашингтоннан қарудың ізін табатын радарлардың алғашқы тиелімін алды.
Украина президенті Петр Порошенко үкіметінің осы дамыған жабдықтарды Донбасс аймағына орнатуға дайын екендігін мәлімдеді.
Украина президенті осындай радарлардың Донбасста Украина армиясына қарсы ықтималды шабуылдарды 25 шақырым қашықтықта дер кезінде анықтауға көмектесіп, жүздеген адамның өмірін құтқаратынын айтты.
Украинаның президент әкімшілігіне қарасты интернет торабы жүк тиелімінің артиллерия сияқты ауыр қаруларды анықтап, көзін жою үшін жобаланған «AN/ TPQ- 36» және «AN/ TPQ- 49» модельді қарудың ізін табушы радарлардан тұратынын мәлімдеді.
Порошенко осы әскери тиелімге қатысты айтқан сөзінің жалғасында: «Бұл жабдықтар биыл Украинаға табыс етіледі деп күтілетін АҚШ үкіметінің әскери көмегінің шағын бөлімі ғана. Киев Вашингтоннан 500 млн долларлық көмек күтіп отыр» деді.
Осыдан бұрын АҚШ Украинаға құны 335 млн долларды құрайтын көмек беруді бекіткен болатын.