Ресейге санкция салу салдарынан Батыс елдері 100 млрд доллар зиян шекті
Ресей Премьер-министрі Дмитрий Медведев сенбі күні: «Украина дағдарысын сылтауратып, Мәскеуге қарсы санкция салу салдарынан Батыс елдері 100 млрд долларға жуық зиян шекті»,-деп мәлімдеді.
Моңғолияда XI Еуропа-Азия саммитіне (ASEM Summit) қатысқан Дмитрий Медведев: «Осы саммит аясында сөйлескен қайраткерлердің көбі бұл санкциялардың экономикалық байланыстарға зиян тигізгенін мойындады»,-деп мәлімдеді. Батыстың Ресейге қарсы санкция салу мәселесі 2014 жылы наурыз айында Қырым түбегі Ресейге қосылғаннан кейін талқылана бастады. Кремль де қарымта әрекетте АҚШ, Еуроодақ, Норвегия, Аустралия мен Канададан азық-түлік импортына санкция салды. Еуроодаққа мүше елдер осыған қатысты 2016 жылдың маусым айында қолданған әрекетте «Украинадағы бейберекеттіктерге қатысы бар» деген негізде Ресейге қарсы экономикалық санкцияларды 6 айға ұзартуға бірауыздан дауыс берді. Вашингтон мен оның еуропалық одақтастары Мәскеуді Украинада тұрақсыздық орнатты деп айыптайды. Ал Мәскеу бұл дағдарысқа қатыстылығын теріске шығарып отыр. Батыстықтардың осы санкцияларды салудағы мақсаты Мәскеуді Украина дағдарысына қатысты ұсынымын өзгертуге, әсіресе Кремльдің Украинаның шығысындағы қарсыластарды қолдаудан бас тартуына мәжбүрлеу болып отыр. Бұған қарамастан Мәскеу Киевтің батысшыл үкіметі, Еуроодақ пен АҚШ тарапынан Ресейдің Украинаға қатысты мүдделері мен талаптары қамтамасыз етілмейінше Украина дағдарысына қатысты өзінің қазіргі ұстанымын өзгертуге әзір еместігін сан рет жариялаған болатын. Мұнымен қоса, Ресей Батыс елдерінің шараларын тамашалаушы ғана болып қалған жоқ, қарымта әрекетте осы күнге дейін Еуроодақ пен АҚШ-қа қатысты бірнеше санкциялар пакетін қабылдады. Украина дағдарысына дейін Еуроодақ Ресейдің ең үлкен сауда серіктесі болғанын ескерсек, Мәскеу тарапынан салынған санкциялар Еуропа елдеріне, әсіресе Германияға орасан зор зиян тигізді. Бұл мәселе Мәскеу қайраткерлерінің де назарынан тыс қалмады. Ресей Премьер-министрі Дмитрий Медведевтің Батыс елдерінің 100 млрд доллар көлемінде зиян шеккеніне меңзеуі осы аяда айтылып отыр. Бұл мәселе Еуроодақтың ішінде Ресейге қарсы санкцияларды тоқтату мен жалғастыруға қатысты айқын пікір бөлінісінің туындауына әкеліп соқтырды. Шын мәнінде бүгінде Еуроодақта Ресейге қарсы санкция салу туралы екі көзқарас бар: кейбір елдер, әсіресе АҚШ-пен тығыз байланыстағы елдер Батыстың Украинаға қатысты талаптарына мойынұсынбайынша, Мәскеуге қарсы санкцияларды жалғастыруды жақтайды. Бұл елдердің басында Ұлыбритания тұр. Ол АҚШ-тың стратегиялық одақтасы саналады. Әрине, Ұлыбритания Еуроодақтан шыққаннан кейін Ресейге қарсы санкцияларды жақтайтындардың фракциясы әлсірейді. Келесі қатарда Шығыс Еуропа елдері, әсіресе үш Балтық мемлекеті, Польша, Чехия, Словакия мен Румыния тұр. Олар Ресеймен ежелден келе жатқан дұшпандықты назарға ала отырып, Мәскеуге қарсы санкцияларды жалғастыруды қалайды. Бұған қарсы Украина дағдарысына дейін Ресеймен ауқымды сауда-экономикалық байланыста болған және осы байланыстың әлсіреуі немесе үзілуі себебінен қаржы және экономика саласында көп зиян көрген Еуроодақтың басқа елдері бүгінде Ресейге қарсы санкциялардың азаюын немесе алынып тасталуын қалайды. Бұл елдердің басында Германия тұр. Ол бұрын Ресейдің Еуроодақтағы ең үлкен сауда серіктесі болған. Ал екінші қатарда Италия, Испания, Грекия, Кипр, Венгрия, Словения мен Хорватия сияқты елдер тұр. Олар Мәскеуге қатысты қазіргі саясаттың қайта қаралуын қалайды. Шын мәнінде бұл елдер Еуроодақтың басқа мүшелеріне ілесіп, Ресейге қарсы санкция салуға мәжбүр болған. Алайда олардың көзқарасынша, бұл үдерісті жалғастыру қисынға келмейді.