Трамп исламға қарсы ұстанымын қайталады
АҚШ-тағы президенттік сайлауға Республикашылдар партиясы атынан қатысатын үміткер тағы да исламға қарсы ұстаным білдіріп, мұсылмандарды «лаңкес» деп атады.
Associated Press ақпарат агенттігінің жұма күнгі хабарлары бойынша, АҚШ-тағы президенттік сайлаудың республикашыл үміткері Дональд Трамп: «Исламдық экстремизм – қазіргі өркениетке төнген ең үлкен қауіп»,-деп уәж айтты.
Дональд Трамп мұсылмандарды «лаңкес» деп атап: «Исламдық терроризммен күресу жолдарын ойластыру керек.
АҚШ әлемнің ең қатерлі елдерінен жүздеген мың шетелдік босқынды қабылдайды. Мұны тоқтату қажет»,-деді.
АҚШ-тағы президенттік сайлаудың республикашыл үміткері өзінің демократ әріптесі Хиллари Клинтонның ұстанымын апатты деп атап: «Клинтонның сыртқы саясаты Ирак, Сирия мен Ливияның басым бөлігінің ДАИШ лаңкестік тобы тарапынан басып алынуына себеп болды»,-деді.
Трамп осыдан бұрынырақ сайлауалды науқанында мұсылмандардың АҚШ-қа кіруіне тыйым салуды ұсынып, осы елдегі мұсылмандар туралы ақпарат базасын құруды сұраған болатын.