Кабулда Ауғанстан-Қазақстан экономикалық комиссиясының сегізінші отырысы өтті
https://itolqyn.com/news/world-i15361
Ауғанстан-Қазақстан экономикалық комиссиясының сегізінші отырысы бейсенбі күні 29 қыркүйекте Кабулда өтті.
(last modified 2025-01-08T10:35:21+00:00 )
Қаз 01, 2016 15:15 Asia/Almaty
  • Кабулда Ауғанстан-Қазақстан экономикалық комиссиясының сегізінші отырысы өтті

Ауғанстан-Қазақстан экономикалық комиссиясының сегізінші отырысы бейсенбі күні 29 қыркүйекте Кабулда өтті.

Осы отырыста екі елдің делегациялары Ауғанстан мен Қазақстан арасында саяси-экономикалық және мәдени ынтымақтастықтарды кеңейту қажеттігін қуаттады.

Ауғанстан-Қазақстан экономикалық комиссиясының сегізінші отырысының өткізілуінің өзі тараптарда Кабул мен Астананың әртүрлі саяси-экономикалық және мәдени салаларда ынтымақтастықты дамытып, нығайтуға саяси ерік-жігердің барлығын көрсетеді.

Осы арада Қазақстан тарапының Ауғанстанмен ынтымақтастықты дамытуға ынта-жігерін арттырған нәрсе Кабул үкіметінің елде қауіпсіздік орнату және экономикалық инфрақұрылымдарды нығайту жолында аз да болса әрекет етуі болды.

Қытай, Үндістан мен Ресейдің Ауғанстанмен жан-жақты ынтымақтастықты кеңейту жолындағы талпыныстары соғыстан зардап шеккен осы елде жасырын бәсекелестіктің барын көрсетеді. Ауғанстан инвестиция салуға қажетті әлеуеттер мен аймақтағы саяси-қауіпсіздік қатынастарда ықпалды рөлге ие.

Осы тұрғыдан Қазақстан да Ауғанстанда күш-қуат қатынасы саласына кіруден бас тартпайды. Ол осы тәсілмен Азияның оңтүстігіндегі өзгерістерде ықпалды күшке айналғысы келеді. Бұл мақсатты орындаудың алғышарты, Ауғанстан мен Қазақстан арасында жан-жақты экономикалық ынтымақтастыққа жағдай жасау болып табылады. Басқа жағынан Кабул басшылары да аймақтық елдермен қарым-қатынасты дамыту арқылы сыртқы саясатта тәуелсіз болу ғана емес, ел ішінде де тұрақтылық пен тыныштық орнату мақсатында қауіпсіздік шараларын атқару үшін өзінің қарым-қабілетін арттырып, соның нәтижесінде сырттан инвестиция тартуға жағдай жасауға қарсы емес.    

Кабул басшыларының  Ұлттық бірлік үкіметінде жасалған келісімдерге және Кабул үкіметі мен «Хекматиар» исламдық бірлік партиясы арасында қол қойылған бейбіт келісімге беріктікті сақтау қажеттігін қуаттауын ауған қайраткерлерінің  Талибанды елдегі бейбіт үдеріске қосылуға шақыруымен бірге осы аяда бағалау қажет.

Осындай жағдайда Ауғанстан-Қазақстан экономикалық комиссиясының сегізінші отырысын өткізу Кабул қайраткерлерінің аймақтық елдермен қарым-қатынасты сақтау мен нығайтуда салыстырмалы түрде сәттілікке жеткенін көрсетеді.

Қазақстан да өзінің жуырдағы Ауғанстанға көмектерімен Азияның оңтүстігіндегі осы елмен байланысын дамытуға қарсы емес екенін көрсетті. Еркін суларға қолжетімділік Кеңес одағы заманынан бері бұрынғы кеңестік елдердің барлығы, соның ішінде ортаазиялық елдер көздеген мақсат болып келеді. Қазақстан басшыларының көзқарасынша, Ауғанстан Үнді мұхитына жетудің ең қысқа жолы болуы мүмкін.  

Бұл мақсатқа қол жеткізу, әрине, белгілі бір шарттардың орындалуын қажет етеді. Қазақстан тарапы Ауғанстанмен байланысты кеңейту арқылы мәдени және экономикалық ынтымақтастықты дамытумен бірге екі елдің сауда, өнеркәсіп, транзит және тасымал салаларындағы әріптестігіне жағдай жасай аламыз деп үмітенеді.

Ауғанстан-Қазақстан қарым-қатынасының соңғы он жыл ішіндегі үдемелі қарқыны осы болжамды растай түседі.

Кейбір қауіпсіздік қиындықтарына байланысты осы уақытқа дейін екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстың Кабул-Астананың саяси қатынасындай кеңейе қоймағанына қарамастан, қауіпсіздік саласындағы кедергілер Ауғанстан мен Қазақстан арасында экономикалық әріптестік мүмкіндіктерін назардан тыс қалдыруға себеп болған емес.

Осы арада Астана үкіметінің Ауғанстандағы Ұлттық бірлік үкіметін қолдауының Кабулдың екі елдің қарым-қатынасын одан ары кеңейтуге оң қарауында әсерсіз қалмағаны анық.

Басқа жағынан Қазақстан ғана емес, Орта Азияның басқа да елдері Ауғанстаннан аймақтық елдерге қауіпсіздік, лаңкестік, экстремизм мен есірткі және қару-жарақ контрабандасының енуіне алаңдайды. Бұл жағдай аймақтық елдер басшылары үшін мынадай сенім тудырды: Ауғанстанның экономикасын қайта жандандыруға көмектесу және қауіпсіздік саласында әріптестікті кеңейту арқылы осы елдегі тынышсыздықтардың Орта Азияның саяси аумағына енуіне тосқауыл қоюға болады.

Бұл қатынастың үлгісін Қазақстанның Ауғанстан қоғамында білім мен сауаттылықты арттыру мақсатында ауған студенттерін оқуға тартуы және Астана үкіметінің Кабулға елді қайта жандандыру үшін қаржылай көмек беруінен көруге болады. Бұл жайттардың барлығы Ауғанстан-Қазақстан экономикалық комиссиясының кезекті отырыстарын өткізуді жалғастыруға себеп болып отыр.