Могерини Еуропа одағы мен Ресейдің "Ортақ қадам" бағдарламасына қатысты бірдей ұстаным білдіруін сұрады
(last modified Sat, 17 Dec 2016 16:27:20 GMT )
Жел 17, 2016 22:27 Asia/Almaty
  • Могерини Еуропа одағы мен Ресейдің

Еуропа одағының сыртқы саясат жөніндегі комиссары Федерика Могерини "Ортақ қадам" бағдарламасын қолдау және осы келісімнің жүзеге асырылу үдерісіне кедергі келтіру әрекеттерінің алдын алуға қатысты Ресеймен ортақ ұстаным білдіруді сұрады.

Могерини ядролық істі қайта ашу және Иран мен АҚШ-тың арасында "Ортақ қадам" бағдрламасы туралы келіссөздерді қайта бастау үшін ешқандай мүмкіндіктің жоқ екенін баяндап, Еуропа одағының "Ортақ қадам" бағдарламасын халықаралық келісім санайтынын баса айтты.

Еуропалықтар АҚШ-тың сайланған президенті Дональд Трамптың «Ортақ қадам» бағдарламасынан бас тартуының салдарына қатысты алаңдаушылық білдіргеннен кейін Могерини Еуропа одағы мен Ресейдің "Ортақ қадам" бағдарламасын қолдауға қатысты ортақ ұстаным білдіруі туралы өтініш жасады. Шын мәнінде Трамптың сайлауалды үгіт-насихаттық жұмыстары кезінде берген басты уәделерінің бірі "Ортақ қадам" бағдарламасынан бас тартып, АҚШ-тың жаңа үкіметінің шарттарына сай келісім жасау мақсатында Иранмен жаңа келіссөздер жүргізу болды. Дегенмен "Ортақ қадам" бағдарламасының тоқтатылуына қатысты алаңдаушылық тек Еуропа одағымен шектеліп қалған жоқ. АҚШ-тың қазіргі үкіметі, яғни Обаманың үкіметі де осыған қатысты келіссөздерде, оның қорытындылануы мен жүзеге асырылуында ықпалды рөл атқарғандықтан, бұл келісімнің бұзылуына алаңдаушылық білдіріп отыр. Сарапшылардың айтуынша, егер Трамп президенттік қызметіне келген кезде "Ортақ қадам" бағдарламасын тоқтату немесе Конституцияға соған қатысты өзгерістер енгізуді көздейтін болса, бұл АҚШ-тың әлемдік деңгейдегі саяси беделінің түсуіне себеп болады. Оған қоса, "Ортақ қадам" бағдарламасы Иран мен АҚШ арасындағы екіжақты келісім емес. Сол себепті оның бір тарабы, яғни АҚШ келісімді біржақты түрде тоқтата алмайды.

АҚШ өзінің еуропалық серіктері, Ресей және Қытаймен бірге "алтылық" тобы түрінде ұзаққа созылған келіссөздерден кейін соңында "Ортақ қадам" келісімін жасап, Иранның ядролық бағдарламасының болмысын сақтап қалуға кепіл болуды қабылдады. Қауіпсіздік кеңесі 2015 жылдың қаңтар айында №2231 қарарды бекітіп, "Ортақ қадам" бағдарламасын жүзеге асыру үшін негіз дайындады. 2016 жылдың қаңтар айында "Ортақ қадам" бағдарламасы жүзеге асырыла бастағаннан бері Иран осы келісім шеңберіндегі барлық міндеттемелерін орындады. Бұл мәселе Атом Қуаты Халықаралық Агенттігінің есептерінде ашық түрде айтылды. Сонымен қатар еуропалық елдер де Иранмен сауда-экономикалық байланыстарын неғұрлым тезірек арттырып, кеңейтуді көздеп отырғандықтан, Иранның "Ортақ қадам" бағдарламасын жүзеге асыруға бағытталған іс-шараларын құптаумен қатар, АҚШ-тың осы жолда кедергі тудыруына наразы болып отыр. Сол себепті Еуропа одағы АҚШ-тың жаңа үкіметінің "Ортақ қадам" бағдарламасына қарсы кез келген ықтималды әрекетіне қатысты ескерту жасады.

Сонымен қатар, Могерини 2016 жылдың қараша айының ортасында Трамп АҚШ-тың жаңа президенті ретінде сайланғаннан кейін: ""Ортақ қадам" бағдарламасы Трамп оны оңайшылықпен бұза алатындай Теһран мен Вашингтон арасындағы екіжақты келісім емес. Ол БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесінің қарарлары шеңберіндегі көпжақты келісім болып табылады" деген еді. Сондай-ақ, Могерини өзінің жуырдағы сөздерінде "Ортақ қадам" бағдарламасының АҚШ тарапынан тоқтатылуының басты салдарларының бірі ретінде осы келісімнің жасалуына көп талпыныс жасаған Ресей мен АҚШ арасында текетірес туындау ықтималдығын атап өтіп, Трамп тарапынан осындай әрекеттің жасалуын оның Ресеймен қарым-қатынасты жақсартуға берген уәдесіне қайшы келетінін айтты.

Мәскеу де бірнеше рет тараптардың "Ортақ қадам" бағдарламасын жүзеге асырудағы беріктігін қуаттаған болатын. Осылайша осы мәселе бойынша тым болмаса Ресей мен Еуропа одағының ұстанымдары арасында ортақ  көзқарас бар екенін болжауға болады. Трамп өзінің "Ортақ қадамды" тоқтатуға қатысты уәдесін орындаған жағдайда ол өзін Вашингтонның еуропалық серіктері мен Ресей және Қытайдың реакцияларына дайындауы керек болады. Оған қоса, бұл әрекет АҚШ-тың әлемдік деңгейдегі саяси беделіне нұқсан келтіретін болады. Себебі АҚШ-тың жаңа үкіметінің жоғарғы лауазым иелерінің бұрынғы үкіметтің, яғни Обама үкіметінің Қауіпсіздік кеңесі шеңберінде жасалған келісімдегі міндеттеріне берік емес екендігін көрсететін болады. Сонымен қатар, АҚШ тарапынан "Ортақ қадам" бағдарламасын тоқтату АҚШ-тың сенімсіздігінің белгісі ғана емес, сондай-ақ, бұл мәселе ядролық бағдарламасы бар басқа елдердің "Ортақ қадам" бағдарламасының тағдырына қарап, өз бағдарламаларын тоқтатудан бас тартуына себеп болуы мүмкін. Бұл өз кезегінде әлемде ядролық жұмыстардың артуына жеткізеді.

 

Тегтер