Иран мен Албания екіжақты қарым-қатынастарын кеңейту қажеттігін қуаттады
https://itolqyn.com/news/world-i23176-Иран_мен_Албания_екіжақты_қарым_қатынастарын_кеңейту_қажеттігін_қуаттады
ИИР Сыртқы істер министрі сенбі күні Теһранда албаниялық әріптесімен кездескенде екі елдің саяси-экономикалық және мәдени салаларда ынтымақтастықты дамыту мен нығайту үшін мүмкіндіктерінің мол екендігін айтты.
(last modified 2025-09-22T12:04:09+00:00 )
Қаң 15, 2017 14:39 Asia/Almaty
  • Иран мен Албания екіжақты қарым-қатынастарын кеңейту қажеттігін қуаттады

ИИР Сыртқы істер министрі сенбі күні Теһранда албаниялық әріптесімен кездескенде екі елдің саяси-экономикалық және мәдени салаларда ынтымақтастықты дамыту мен нығайту үшін мүмкіндіктерінің мол екендігін айтты.

IRNA ақпарат агенттігінің хабарлауы бойынша, ИИР Сыртқы істер министрі  Мұхаммад Джавад Зариф Албанияның Сыртқы істер министрі  Дитмир Бушатимен кездесуінде екі ел қарым-қатынасының жақсарып келе жатқанын айтып, екі елдің білім беру, парламентаралық қатынас, туризм, жол салу, темір және қуат көздері (электр энергиясы мен газ) салаларында әріптестікті арттыруын  қалайтынын білдірді. Иран осы салаларда өзіндік технологияларға ие. 

Зариф, сондай-ақ, еуропалық елдердің, соның ішіне Балкан елдерінің  экстремизмнің белең алуынан зардап шегіп отырғанын айтып, Иранның Албаниямен экстремизм және терроризммен күрес саласында әріптестік жасауға дайын екенін мәлімдеді.

Дитмир Бушати де осы кездесуде Иран халқы мен үкіметіне Жүйе мүддесін анықтау алқасының марқұм төрағасы аятолла Хашеми Рафсанджанидың қайтыс болуына байланысты көңіл айтып, экономикалық әріптестікті өз елінің Иранмен қарым-қатынасын дамытудағы басты басымдық деп атап, Албанияның Иранда өз елшілігін ашатынын хабарлады.

Кездесудің соңында Иран мен Албания Сыртқы істер министрлері екі ел арасында жүйелі түрде саяси диалогтар өткізу туралы меморандумға қол қойды.