Трамп: Дуал салу Мексиканың экономикасының нығаюына себеп болады
АҚШ-тың жаңа Президенті Мексикамен арада шекаралық дуал құрылысының осы ел экономикасының нығаюына себеп болатынын айтты.
Al-Alam телеарнасының хабарлауы бойынша, Дональд Трамп сәрсенбі күні кешке АҚШ-тың Ішкі қауіпсіздік министрлігі қызметкерлері алдында сөйлеген сөзінде миграция саласында екі бұйрыққа қол қойғанын мәлімдеп: «Бұл бұйрықтар АҚШ-та мыңдаған адамды құтқарып, миллиондаған жұмыс орнын сақтап, елде миллиардтаған доллардың үнемделуіне әкеледі»,-деген уәж айтты.
АҚШ Президенті Дональд Трамп қол қойған осы екі бұйрық бойынша, Вашингтон Иран, Сирия, Ирак, Ливия, Сомали, Судан мен Йемен азаматтарына виза беруді 30 күнге тоқтатып, Мексика мен АҚШ-тың шекарасында дуал салуға бұйрық берді.
Трамп сайлауалды науқаны кезіндегі ұлтшылдық сипаттағы сөздерінде әрдайым АҚШ Президенті болып сайланса, мұсылмандардың АҚШ жеріне кіруіне тосқауыл қойып, мигранттардың кіруінің алдын алу үшін Мексика мен АҚШ арасындағы шекараға дуал салғызатынын айтқан болатын.