Трамп әрдайым «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасын жоюды көздеп келеді
АҚШ Президенті Дональд Трамп «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасы жайлы жуырдағы сөзінде Иранды осы бағдарламаға берік болмады деп айыптады.
Иран Сыртқы істер министрі Мұхаммад Джавад Зариф жұма күні, 11 тамызда Twitter-дегі жеке парақшасында осы уәжге реакциясында: «Дональд Трамп оқшауланып қалмау үшін «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасынан шықты деген сылтаумен Иранды кінәлі етіп көрсетуге күш салуда.
Бұл сөздер АҚШ-тың «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасының мәтіні мен рухын бұзуымен қоса, Трамптың теріс пиғылын көрсетеді»,-деді.
«Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасы 2015 жылдың шілде айында Иранмен келіссөз жүргізуші алты ел ядролық келісімге қол қойғаннан кейін БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі тарапынан расталып, бекітілді.
Иран Сыртқы істер министрінің орынбасары Аббас Арақчи жұма күні Жапонияның «Сасакава» бейбітшілік қорында сөйлеген сөзінде «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасы мен оның аймақтық және халықаралық деңгейдегі әсерлеріне тоқталып: ««Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасы халықаралық деңгейде мықты позицияға ие. Ол БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің №2231 қарарымен бекітіліп қана қойған жоқ, Еуроодақ пен халықаралық қауымдастықтың да қолдауына ие болып отыр»,-деп қуаттады.
Арақчи АҚШ-тың сылтау іздеуі мен Иранның зымырандық бағдарламаларына қатысты санкция салуын қабылдауға келмейді деп атап: «Иранның зымырандық бағдарламасы – осы ел халқының қажырлы еңбегінің жемісі. Бағдарлама қорғаныс және тежегіш сипатқа ие»,-деді.
АҚШ Президенті Трамп ядролық тақырыптан тыс сылтау келтіріп, «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасын қайта қарастыруды талап етіп отыр. «Даллас ньюс» америкалық басылымы бір мақаласында АҚШ Президентінің Иранмен ядролық келісімге қатысты тәсілін сынап, оны ақылға қонымсыз деп атап: «Дональд Трамп қазан айында Иранды 2015 жылы күшіне енген ядролық келісімді бұзды деп жариялағысы келеді. Бұл шешім АҚШ-қа Теһранмен сауда жасайтын кез келген адамға қайтадан ауыр экономикалық жаза қолдануға мүмкіндік береді. Бұл шараның ешқандай пайдасы болмайды, өйткені 2015 жылғы ядролық келіссөздерге қатысқан бес елдің ешқайсысы Трампқа жақтаспайды»,-деп жазды.
АҚШ халықаралық міндеттемелерді бұзуда шек пен шекараны танымайтынын талай рет көрсетті. Оның соңғы мысалы бұл елдің климаттық өзгерістерге қатысты келісімнен шығуы болды. «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасы тақырыбында АҚШ-тың мақсаты әлемдік саудадағы мүдделер саласында текетірес тудырып, дүниежүзілік еркін сауда жолына кедергі келтіру болып отыр. АҚШ сауда-экономикалық байланыстар аясында осы елдің қаржы және экономикалық компаниялары мен институттарына өзінің ішкі заңдары негізінде Иранмен тікелей байланыс орнатуға тыйым сала алады. Алайда, бұл тыйымның басқа елдерге, соның ішінде Қытай немесе Еуроодақ елдеріне таралуын қабылдауға болмайды. Сол себепті Трамп Иранды «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасын бұзды және оны бұзуда алғашқы қадам жасады деп жариялаудың жолын іздестіріп жатыр.