Трамп және «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасының болашағы
https://itolqyn.com/news/world-i33801
Алдағы күндері АҚШ Президенті Дональд Трамп Иранмен жасалған ядролық келісімді қандай тағдыр күтіп тұрғанын мәлімдейді.
(last modified 2025-01-08T10:35:21+00:00 )
Қаң 11, 2018 16:07 Asia/Almaty
  • Трамп және «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасының болашағы

Алдағы күндері АҚШ Президенті Дональд Трамп Иранмен жасалған ядролық келісімді қандай тағдыр күтіп тұрғанын мәлімдейді.

17 қаңтарға дейін Дональд Трамп Иранға қатысты 5 шешім қабылдауы керек. Олардың басым бөлігі Иранға қарсы ядролық санкцияларды тоқтатумен байланысты. Егер Трамп санкцияларды тоқтату мерзімін ұзартпаса, Конгресс тарапынан Иранға салынған санкциялар біржақты негізде қайта іске қосылатын болады.

Сарапшылардың пайымдауынша, Трамптың бұл шарасы «Ортақ қадам» жан‑жақты бағдарламасының 37-тармағына қайшы. Бұл тармақтың соңғы жағында: «Егер санкциялар жартылай немесе толық қайта салынатын болса, Иран бұл істі «Ортақ қадам» жан‑жақты бағдарламасының осы тармағында белгіленген өз міндеттемелерін жартылай немесе толық тоқтатуға жасалған жағдаймен тең санайды»,-деп жазылған.

Осы жағдайды ескерсек, «Ортақ қадам» жан‑жақты бағдарламасын  бірнеше тағдыр күтіп тұр: бірінші жағдай бойынша, Трамп лепірме сөздеріне қарамастан, санкцияларды тоқтату мерзімін ұзартады, алайда 2017 жылдың қазан айындағы сияқты Иранның «Ортақ қадам» жан‑жақты бағдарламасына беріктігін растамайды. Соның нәтижесінде қазіргі жағдай жалғасып, бұл бағдарлама жойылудан аман қалады;

екінші жағдай бойынша, Трамп санкцияларды тоқтату мерзімін ұзартпай, іс жүзінде «Ортақ қадам» жан‑жақты бағдарламасының 37-бабы бұзылады. Бұл жолға тіпті Конгрес мүшелерінің көбі қарсылық білдіріп отыр. Республикашыл сенатор Боб Коркер «Ортақ қадам» жан‑жақты бағдарламасын сақтап қалуды талап етіп отырған адамдардың қатарына жатады.

Барак Обама үкіметі кезінде Энергетика министрі болған Эрнест Мониздің пікірінше, «Ортақ қадам» жан‑жақты бағдарламасын алмастыратын жақсырақ альтернатива жоқ, егер АҚШ бұл бағдарламадан шықса, «ұтыс-ұтыс» ойыны ол үшін ұтылысқа айналады.

АҚШ «Ортақ қадам» жан‑жақты бағдарламасын бұзған жағдайда екі жағдайды елестетуге болады: бірінші жағдай бойынша, Иран «Ортақ қадам» жан‑жақты бағдарламасынан толығымен шығып, өзінің ядролық жұмыстарын қайта бастайды. Бұл жағдайда БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің Иранға қарсы санкциялары да қайта іске қосылады.

Ал екінші жағдай бойынша, Иран мен «Ортақ қадам» жан‑жақты бағдарламасына қол қойған басқа елдер бұл келісімді одан ары жалғастырады. Мониздің айтуынша, бұл жағдай АҚШ-тың әлемде көбірек оқшаулануына әкеліп соқтырады.  Сөйтіп, «Ортақ қадам» жан‑жақты бағдарламасы кемшін күйде өмірін жалғастырады. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің санкциялары қайтарылмайды, ал АҚШ-тың санкциялары біржақты түрде салынатын болады. Америкалық емес компаниялар мен институттардың АҚШ үкіметінің қаржылай жазасынан қорқатынын ескерсек, бұл жағдайда Иранның аталмыш бағдарламадан көрер пайдасы ең төмен деңгейге жетеді.    

Жалпы, бірінші жағдайдың, яғни санкцияларды тоқтату мерзімін ұзарту ықтималы жоғарырақ. Бірақ, Трамп «Ортақ қадам» жан‑жақты бағдарламасын жою туралы берген уәдесін орындамағанын жасыру үшін Иранға қарсы зымырандық бағдарлама, аймақта тұрақсыздық тудыру амалдары және лаңкестікті қолдау немесе адам құқығының бұзылуы сияқты тақырыптарда ядролық саладан тыс санкциялар салуды күшейтуге талпыныс жасайды. Осы негізде Трамп ядролық санкцияларды тоқтату мерзімін ұзартатынын жариялағаннан кейін іле-шала Иран Телерадио бірлестігіне қарсы санкция жариялауы ықтимал.