Йемен соғысына қатысты Иранды айыптаудың жасырын жайттарына шолу
АҚШ, Сауд Арабиясы мен Израиль әлі де халықаралық сахнада Иранды қауіп-қатердің ошағы ретінде таныстыруға талпыныс жасауда. Бұл әрекеттер соңғы айларда Иранның зымырандық қуаты мен Йеменге ирандық зымырандар жіберу туралы уәждерге негізделді.
Бұл Йемен халқының Сауд Арабиясы мен БАӘ-нің шабуылдары үшін АҚШ пен Ұлыбритания тарапынан жіберілген белгісіз қару-жарақ арқылы қырылып жатқан жағдайда орын алып жатыр. АҚШ президенті Трамп та адамгершілікке жатпайтын шешімімен халықаралық принциптер мен заңдарды аяқ асты етті.
АҚШ-тың Towson университетінің профессоры әрі Middle East институтындағы Таяу Шығыс пен Йемен істері жөніндегі сарапшы Чарльз Чемитз бұл жайында: "АҚШ Йемен соғысында елеулі рөл атқаруда. Америка Құрама Штаттары Йемен соғысында әл-Каидамен күрес кампаниясы арқылы тікелей және Сауд Арабиясына қолдау көрсету арқылы жанама түрде бұл іске араласып отыр",- деді.
Осындай қауіпті қолдаулар Ираннан қорқыту үдерісін күшейту мақсатындағы әрекеттермен жоспарланған жаңа кезеңге аяқ басқалы отыр.
БАӘ-нің БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Лана Нусейба жексенбі күні БАӘ-нің National газетіне берген сұхбатында Ұлыбританияның БҰҰ-ына Иранға қарсы қарардың жобасын ұсынуға бағытталған әрекеттеріне тоқталып, Йемен жайлы: "БАӘ бұл қарарды шындап қолдап отыр",- деп мәлімдеді.
Қарарда Иранның Йемендегі хусилерге зымырандар мен ұшқышсыз ұшақтар жіберіп, БҰҰ-ның Йеменге қарсы қару-жарақ жөніндегі санкцияларын бұзғаны айтылған.
Алайда бұл сценарийдің артында бір шындық жатыр.
Raialyoum интернет басылымы біраз уақыт бұрын: "Сауд Арабиясы Лондоннан Риядты Йеменде қалыптасқан осы шиеленісті дағдарыстан құтқаратын шешім жолын табуды сұрады",- деп жазды.
Шындығында, Йемен соғысындағы билік теңгерімі өзгеріске ұшырап, бұл соғыс Сауд Арабиясы мен оның одақтастары үшін Йеменнің халықтық күштері мен әскерінің есесін қайтару шабуылдарына байланысты қорқынышты түске айналған.
Стратегиялық зерттеулер орталығының Сыртқы саясат жөніндегі зерттеулер бөлімінің маманы Ахмадиан осы мәселеге қатысты: "Йемен соғысы "Ансаролланың" Йемен өзгерістеріндегі ықпалды әрі негізгі ойыншысы екенін және болып қалатыны жайлы шындықты дәлелдеді. "Ансаролла" қозғалысы оны назарға алмай, Йеменнің болашағын елестету мүмкін еместігін көрсетті",- деді.
Қазіргі таңда "Ансаролла" қозғалысы Йеменнің саяси құрылымында орналасуы мен билікке жеткенін дәлелдеп, аймақтық және халықаралық ойыншылар біртіндеп "Ансаролла" қозғалысының Йемендегі саяси және әскери саладағы орнын ресми түрде мойындады. Сауд Арабиясы мен көптеген аймақтық ойыншылар осы шындықпен бетпе-бет келіп отыр. Бұл мәселеге қатысты Иранға қарсы айып тағу стратегиясы оларға көмек көрсете алмайды.