Харрази: Ауғанстанда тәкфиршіл ойлардың таралуы – үлкен қауіп
Иранның Сыртқы қатынастар стратегиялық кеңесінің басшысы: "Ауғанстанның негізгі қиыншылықтарының бірі – бұл елдегі көптеген елдердің бір-біріне қайшы мүдделері. Бұл жағдай ауған халқына диалог арқылы бейбітшілікке қол жеткізуге жол бермей отыр",-деді.
"ParsToday" ақпарат агенттігінің хабарлауы бойынша, Камал Харрази Кабулда Ауғанстанның Сыртқы істер министрі Салахаддин Рианимен кездесуінде бұл елде біртұтас ұлттық үкіметтің құрылуын қолдайтынын айтып, Ауғанстанға төніп тұрған қатерлерге тоқталып, елде тәкфиршіл ойлардың таралуының алдын алу үшін шара ойластыру керектігін қуаттады.
Ауғанстанның Сыртқы істер министрі Салахаддин Риани Иран мен Ауғанстанның достық және бауырластық қатынасын қуаттап: "Екі ел ортақ дін мен мәдениетке ие. Ауғанстан Иранның көмегін қажет етеді",-деді.
Ауғанстан Сыртқы істер министрі, сондай-ақ, осы елдегі бейбітшілік үдерісіне тоқталып: "Ауғанстан үкіметі ешбір жағдайда өз жерінің ИИР-на қарсы қолданылуына жол бермейді",-деді.
Иранның Сыртқы қатынастар стратегиялық кеңесінің басшысы сенбі күні Ауғанстан Президенті Мұхаммад Ашраф Ғанимен кездесіп, сұхбаттасты.
Ауғанстан Президенті кездесуде ирандық делегацияның Ауғанстанға сапарын екі елдің қарым-қатынасын дамыту жолындағы оң қадам деп бағалады.
Иранның Сыртқы қатынастар стратегиялық кеңесінің басшысы кездесуде Иранның Ауғанстанмен әртүрлі салаларда әріптестік жасауға әзір екенін, Ауғанстандағы бейбітшілік үдерісін қолдайтынын білдірді.