Катар әмірінің Ресей сапарының мақсаттары
Катар әмірі шейх Тамим бен Хамд Але Сани Ресейге сапармен барып, осы елдің Президенті Владимир Путинмен кездесіп, сұхбаттасты.
Шейх Тамимнің Мәскеу сапары әртүрлі қырдан маңызды. Бұл сапардың бірінші маңызды қыры – Сауд Арабиясының тақ мұрагері Мұхаммад бен Салманның АҚШ-қа сапарымен бір мезгілде орын алуы. Шын мәнінде, Сауд Арабиясы мен АҚШ-тың тығыз қарым-қатынасы бір жағынан Катар мен Ресейдің байланысының нығаюына себеп болды. Бұл оқиға Катар мен басқа төрт араб елі – Сауд Арабиясы, БАӘ, Бахрейн мен Мысырдың өзара қайшылықтарының жалғасып жатқан кезімен тұспа-тұс келіп отыр. АҚШ Мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсонды қызметінен босатумен қатар жасалып жатқан Эр-Рияд пен Вашингтонның тығыз байланысының Катар үшін маңызды жолдауы бар. АҚШ үкіметі осы текетіресте бұрынғыдан көбірек саудиялық өзекке жақтасатынын көрсетті. Осы негізде Доха Мәскеумен қарым-қатынасты нығайтуды күн тәртібіне қойды. Сол себепті Катар әмірі Путинмен кездесуінде: "Біз Ресейдегі достарымызға сенім артып отырмыз. Ресей араб әлеміне қатысты мәселелерде айтарлықтай рөл атқарады",-деді. Басқаша айтқанда Катар Сауд Арабиясы мен басқа үш елдің жауластық саясаттарынан туындаған қысымдарды бастан өткерумен қатар Таяу Шығыс аймағы саясатындағы өз орнын сақтап, тіпті нығайтуды көздеп отыр.
Шейх Тамимнің Мәскеу сапарының екінші қыры аймақта полюстердің қалыптасуына қатысты болып отыр. Соңғы екі жылда Түркия Ресей мен Иранға жақындай түскен соң Таяу Шығыс өзгерістерінде «Анкара-Мәскеу-Теһран» үштігі қалыптасты. Арабішілік текетірес бір жағынан Катардың араб-иврит-батыс өзегінен алшақтауына, екінші жағынан Түркия мен Катар қарым-қатынасының нығая түсуіне себеп болды. Доха-Анкара қатынасы бәрінен бұрын "Мұсылман бауырлар" өзегіне негізделген. Сонымен қатар Түркия мен Иранның арабішілік текетіресте Доханы қолдауы Катардың Түркия-Ресей-Иран үштігіне жақындай түсуіне себеп болды.
Осы негізде Катар мен аталған үш елдің қатысуымен жаңа саяси майдан қалыптасты. Таяу Шығыс басқа кезден көбірек саяси полюстерге бөлінушілікке куә болып отыр. Бұл аталмыш аймақта АҚШ пен Батыс жүйесінің қалыптасуына жол бермейді.
Осындай жағдайдың нәтижесінде бұдан былай Сирия мен Йемендегі сияқты дағдарыстар араб-иврит-батыс өзегінің қалауына сәйкес өрбімейді. Мұнымен бір мезгілде Сауд Арабиясы АҚШ пен Ұлыбританияның қолдауына сүйеніп, аймақта жеке көсілгенімен «Түркия-Ресей-Иран-Катар» төрттігіне көзжұмбайлық таныта алмайды.
Шейх Тамимнің Мәскеу сапарының келесі бір қыры – тараптар арасында қол қойылуы мүмкін қару-жарақ келісімі. Осыған орай Катардың Мәскеудегі елшісі 2018 жылдың қаңтар айында Доханың Ресейден С-400 әуе қорғаныс кешенін сатып алуды көздейтінін айтқан болатын. Бұл мынадай мағынаны білдіреді: бір жағынан Мәскеу Катармен қарым-қатынасты дамытуда саяси мақсаттармен қоса, қару-жарақ сату қалыбында экономикалық мақсаттарды көздейді, басқа жағынан Катар Ресейдің дамытылған қару-жарақтарын сатып алу арқылы Сауд Арабиясы алдында өзінің әскери күш-қуатын нығайтуға талпыныс жасап жатыр.
Ресей мен Катар сияқты араб елдерінің қарым-қатынасының нығаюы Ресейдің осы елдердің Таяу Шығыстағы саясаттарын нығайтуға талпыныс жасап жатқанын көрсетеді. Таяу Шығыс аймағындағы кейбір елдер, соның ішінде Катар Вашингтонды олардың қауіпсіздігіне қатысты сенімсіз ел санағандықтан, Ресеймен қарым-қатынасты нығайтуға басымдық береді.