Мигель Ариас Каньетенің Теһрандағы келіссөздері – Еуроодақтың "Ортақ қадам" жан-жақты бағдарламасын сақтап қалу жолындағы алғашқы қадамы
Трамптың "Ортақ қадам" жан-жақты бағдарламасынан шығуы мынадай сауалдар тудырды: Еуропа АҚШ-қа қарсы шығып, өзінің экономикалық компанияларының мүдделерін қорғай ала ма? Әлде Вашингтонның ауқымды серіктестігі Еуроодақтың өзінің ежелгі одақтасымен қарым-қатынасын қатерге тігуіне кедергі келтіре ме?
Бұл сауалдардың бір бөлігіне жауапты Теһранда өткен Еуроодақ комиссиясының келіссөздерінен табуға болады. Еуроодақ "Ортақ қадам" жан-жақты бағдарламасын сақтап қалу жолындағы алғашқы қадамында осы одақтың энергетика саласының комиссары Мигель Ариас Каньете бастаған делегацияны Теһранға аттандырды.
Иранның Атом қуаты ұйымының ақпарат өкілі Бехруз Камалванди сенбі күні Еуроодақ делегациясының келіссөздері жайында: "Қазіргі таңда еуропалықтар "Ортақ қадам" жан-жақты бағдарламасын сақтап қалуды және Иранмен әріптестікті жалғастыруды қуаттап отыр. Алайда бұл ерік-жігердің Иранды осы келісімде қалдыруға жеткілікті болатын, болмайтынын уақыт көрсетеді",-деді.
Иранның Мұнай министрі Бижан Намдар Зангане де Мигель Ариас Каньетемен кездескеннен кейін еуропалық делегациямен отырыста Иран мен Еуропа арасында мұнай-газ, газ конденсаты мен мұнай-химия өнімдері саласындағы әріптестікті жүзеге асыру талқылана бастағанын айтып: "Иран мен Еуроодақтың энергетика саласындағы қарым-қатынасын жалғастыру жолдарын табу үшін екіжақты талпыныстар жасалып жатыр",-деді.
Bloomberg экономикалық ақпарат арнасы осы келіссөздердің деңгейін сараптап: "Еуроодақ, Ресей мен Қытайдың "Ортақ қадам" жан-жақты бағдарламасын сақтап қалуға шешім қабылдап, табандылық танытуы нәтижесіз қалмайды",-деп жазды.
Bloomberg-тің көзқарасынша, қазіргі таңда АҚШ-қа болат пен алюминиум импортына қатысты кедендік тариф бойынша осы елдің үкіметімен қайшылыққа келіп отырған Еуропа Трамптың Иранға қатысты саясаттарына жақтасуды қажет етпейді.
Еуропа тарапынан "Ортақ қадам" жан-жақты бағдарламасын сақтап қалу туралы айқынырақ сөздер естіліп жатыр деп айтуға болады. Бұл Трамп үшін жақсы жолдау емес. Еуроодақ АҚШ-тың Иранға қарсы санкцияларының кері әсерлерімен күресу үшін "тежегіш ережелер" атты құқықтық үдерісті бастады. Мұнымен қоса, Еуроодақ Еуропа инвестициялық банкінің еуропалық компаниялардың, әсіресе шағын және орта компаниялардың Иранға инвестиция салуын қолдауы жолындағы кедергілерді алып тастауды көздеп отыр. Еуроодақ, сондай-ақ, ирандық тараптың сенімін тудыру мақсатында Иранның әсіресе энергетика саласына инвестиция салуды арттыруды күн тәртібіне қойып отыр. Еуропа, сондай-ақ, Иранның мұнай сатудан түсетін валюталық табысына қолжетімдігін кепілдендіру үшін осы табысты басқа елдердегі Иранның Орталық банкінің есеп-шотына салуды ұсынды.
Бұған қарамастан, кейбір сарапшылар осы міндеттемелердің орындалатындығына күмәнмен қарайды.
Жазушы әрі "Хайк" институтының бұрынғы басшысы Дрю Годфрид: "Юнкер мырзаның айтқандарына қарамастан, бұл біршама қауіпті. Еуропаның шағын да ірі компаниялары Брюссельдегі саясаткерлерді қуанту үшін өздерінің Солтүстік Америкамен сауда қарым-қатынасын қатерге тікпейді. Еуропада жік пайда болды. Біз ең үлкен нарық болуымыз мүмкін, алайда Еуропа саяси салада ергежейлі сияқты",-деді.
Егер Еуропа басшылары "Ортақ қадам" жан-жақты бағдарламасын сақтап қалу туралы жариялаған ұстанымдарына берік болып қалса, Иранның осы келісімдегі мүдделерін кепілдендіруді көздейтін Еуропаға сенім арту жолын қысқартады. Алайда толық сенімге ие болуға дейін әлі алыс.