Еуроодақ АҚШ-тан палестиналық босқындарға жәрдемдесу агенттігіне қатысты шешімін қайта қарауды сұрады
АҚШ-тың палестиналық босқындарға жәрдемдесу және жұмыспен қамту агенттігіне (UNRWA) көмектесуді тоқтату мәселесі халықаралық деңгейде көптеген реакция тудырды. Вашингтонның бұл шарасы Тель-Авивтің қолдауына ие болғанымен, басқа елдер мен тіпті оның еуропалық одақтастарының сынына ұшырады.
Осыған орай Еуроодақ сенбі күнгі бір мәлімдемесінде АҚШ-тан палестиналық босқындарға жәрдемдесу және жұмыспен қамту агенттігіне (UNRWA) қаржылай көмектесу туралы шешімін қайта қарауды сұрады.
АҚШ Мемлекеттік департаменті жұма күні кешке бұл елдің палестиналық босқындарға жәрдемдесу және жұмыспен қамту агенттігіне қаржылай қолдауын толық тоқтатқанын хабарлап: "Вашингтон осыдан былай UNRWA-ны қаржымен қамтамасыз етпейді",-деді. АҚШ соңғы жылдары UNRWA бюджетінің 30 пайызға жуығын қамтамасыз ететін. Алайда ағымдағы жылдың басынан бастап Вашингтон жоспарланған 300 млн долларлық көмектің күшін жойып, оны қайта қарауға жіберді.
Палестина исламдық қарсыласу қозғалысы ХАМАС-тың ақпарат өкілі Хазем Ғасем АҚШ-тың UNRWA-ға қарсы шарасын палестиналықтардың қайта оралу құқығын жою мақсатында жасалып отыр деп сараптап: "Мұндай шешімдердің барлығы біздің халқымыздың азаттыққа қол жеткізіп, қайта оралу құқығына ие болу жолындағы күресін тоқтата алмайды",-деді.
АҚШ үкіметі 24 тамызда Палестинаға қарсы қатынас аясында Газа секторы мен Иордан өзенінің батыс жағалауына 200 млн долларлық көмегін тоқтатты.
Мұндай шаралар палестиналықтарды АҚШ-тың "Ғасыр мәмілесі" деп аталатын жобаға көндіру үшін жасалып отырған қысым болып табылады. Бұл жоба бойынша Құдс Израильге беріліп, басқа елдердегі палестиналық босқындар қайтып оралу құқығынан айырылады; Палестина үкіметі тек Иордан өзенінің батыс жағалауы мен Газа секторында қалған жерлерге иелік етуге құқылы болады.
Сионистік режим Иордан өзенінің батыс жағалауында қалашықтар салып, осы аудандағы палестиналықтардың көптеген жерлерін басып алу жобасын орындағаннан кейін іс жүзінде Палестина үкіметі үшін айтарлықтай жер қалмады.
Трамп 2017 жылдың 6 желтоқсанында Вашингтонның Құдсты Израильдің астанасы деп ресми түрде танитынын және өз елшілігін сол қалаға көшіретінін жариялаған болатын.
Ресейдің стратегиялық зерттеулер институты басшысының кеңесшісі Елена Супонинаның пайымдауынша, АҚШ Президенті Дональд Трамп Құдсты Израильдің астанасы деп ресми түрде тану арқылы отпен ойнап отыр.
Трамптың бұл шарасы Палестинаның ішінде де, араб және ислам елдері мен халықаралық деңгейде де бұрын-соңды болмаған реакциялар тудырды. Шын мәнінде, тіпті Вашингтонның еуропалық серіктестері де АҚШ-тың Израильге ешбір шартсыз жақтасып, Палестинаға қарсы шара қолдануды жалғастыруының Палестина мәселесін шешуге көмектеспейтінімен қатар палестиналықтардың сионистік режиммен күрестегі табандылығы мен қарсыласуының одан ары күшеюіне себеп болатынын жақсы біледі.
Қазір Вашингтон АҚШ-тың UNRWA-ға көмектерін тоқтатып, адамгершілікке жат әрекет жасау арқылы сионистік режимнің палестиналықтарға қарсы мақсаттарын орындау жолында тағы бір қадам жасады.