Трамп үкіметіндегі «Иранға барынша қысым жасау қажет» дейтін топтың тауы шағылды
https://itolqyn.com/news/world-i39724
Америка президенті Дональд Трамптың Теһранды Вашингтонның үстемдік талап етушілігін қабылдауға мәжбүрлеу үшін Иранға жасаған төтенше қысымдарына керісінше айғақтар оның саясатының жеңіліс тапқанын көрсетіп отыр.
(last modified 2025-01-08T10:35:21+00:00 )
Қар 03, 2018 21:43 Asia/Almaty
  • Трамп үкіметіндегі «Иранға барынша қысым жасау қажет» дейтін топтың тауы шағылды

Америка президенті Дональд Трамптың Теһранды Вашингтонның үстемдік талап етушілігін қабылдауға мәжбүрлеу үшін Иранға жасаған төтенше қысымдарына керісінше айғақтар оның саясатының жеңіліс тапқанын көрсетіп отыр.

Бұл мәселе Трамптың «Иранға барынша қысым жасау керек» деген жақтастарының, әсіресе ұлттық Қауіпсіздік бойынша кеңесшісі Джон Болтонның жігерінің құм болуына себеп болды.

Америка кейбір елдерді Ираннан мұнай импорттау үшін санкциялардан босатып, "жұмсақтық" танытқаны туралы хабарлар жарияланған соң Болтон бұл мәселеге қатаң реакция білдірді.

Bloomberg ақпарат базасының мәліметіне сәйкес, Америка сегіз елге, әсіресе Жапония мен Үндістан, Оңтүстік Кореяға қарашаның бесі күні санкция салынған соң да Ираннан мұнай сатып алуды жалғастыруға рұқсат беруге келісті.

Ираннан мұнай импорттаушы ең үлкен ел Қытай да әлі Америкамен келіссөз жүргізіп жатқанымен сегіз елдің қатарына кірген. Бұл жеңілдік Иран мұнайының импортын біртіндеп төмендету мен мұнай бағасы көтерілуінің алдын алу мақсатында жасалды. Осы мәселе Болтонның ашу-ызасын тудырды.

Кейбір хабарларға сәйкес, тіпті, Болтонның Иранға қарсы жаңа санкцияларды жариялауына арналған шараларға қатысудан бас тартуына себеп болған.

The Washington Examiner газеті былай деп жазды: «Бұл шешімдердің нәтижесі Иранға барынша қысым жасау саясатын жақтайтындардың тауларының шағылуына себеп болды. Джон Болтон – солардың ішіндегі Американың қазіргі үкіметіндегі ең көрнекті тұлға».

Трамп үкіметі Иран мұнайының экспортын мүлдем тоқтату туралы айтқан әуелгі уәждеріне қайшы енді Иранның кейбір сатып алушыларына жеңілдік жасауға шешім қабылдап, сонымен қатар Иран банктеріне банкаралық байланыстардың халықаралық жүйесінде (SWIFT) қалуға да рұқсат береді.  

Иранға салатын санкциялар тақырыбын қарастырып жатқан Америка Мемлекеттік департаментінің жоғары басшылары Американың Мемлекеттік хатшысы Майк Помпеоны Иранға SWIFT-пен байланысын сақтап қалуға рұқсат беруге міндеттеді.  

Oxius сайты Трамп үкіметінің Иранға барынша қысым жасау тақырыбына қатысты қазіргі артқа шегінушіліктерін тілге тиек етіп: «Трамп үкіметі экономикалық және геополитикалық жағдайлардың алдында мойынсұнды» деп жазды.  

Америка Иран мұнайының экспортын мүлдем тоқтату туралы бастапқы қоқан-лоққыларынан санкцияларға қатысты әлемдік деңгейде қарсылық танытылудың  нәтижесінде кейін шегінді.

Америка шын мәнінде Иранға қарсы заңсыз санкцияларын жүзеге асыруда біржақты негізде әрекет етіп, күш қолданып, билігін  асыра пайдаланып отыр.

Трамп үкіметінің радикалды басшылары әсіресе, ұлттық қауіпсіздік мәселелері бойынша кеңесшісі Джон Болтон іс жүзінде халықаралық жүйеде көп жақты негізде қалыптасқан қазіргі әлемде бір жақты шешімдері және шараларымен басқа елдерге өздерінің талап-тілектері мен қалауларын таңамыз деген қиялға иек артып отыр.  

Алайда, «бестік» тобы мүшелерінің, яғни, Еуропаның Германия, Франция, Британия сияқты батыстық алпауыт елдері мен әлемдік алпауыт елдер саналатын Ресей мен Қытай сияқты шығыс елдерінің Американың қатынасына қарсылықтары Иранға қарсы санкциялар жүйесіндегі сеңнің сөгілуіне ықпал етті.