Трамп мұнайдан түсетін долларлары үшін Сауд Арабиясын қолдап отыр
https://itolqyn.com/news/world-i40044
Бірнеше апта күткеннен кейін ақырында АҚШ Президенті Дональд Трамп Сауд Арабиясы тақ мұрагерінің Джамал Хашоғджидің өліміне қатыстылығы туралы хабарлар жайлы мәлімдеме жасап, өзінің эр-Риядты толығымен қолдайтынын хабарлады.
(last modified 2025-01-08T10:35:21+00:00 )
Қар 22, 2018 20:52 Asia/Almaty
  • Трамп мұнайдан түсетін долларлары үшін Сауд Арабиясын қолдап отыр

Бірнеше апта күткеннен кейін ақырында АҚШ Президенті Дональд Трамп Сауд Арабиясы тақ мұрагерінің Джамал Хашоғджидің өліміне қатыстылығы туралы хабарлар жайлы мәлімдеме жасап, өзінің эр-Риядты толығымен қолдайтынын хабарлады.

Ол АҚШ-тың барлау органдарының бұрынғыдай мәліметтерді тексеріп жатқанын, бірақ Сауд Арабиясы тақ мұрагерінің  осындай оқиғалардан хабардар болу ықтималының зор екенін айтып: «Хабардар болуы да, болмауы да мүмкін",-деді. Бұған қарамастан Трамп Сауд Арабиясы мен оның тақ мұрагерін айыптаудан кесімді түрде бас тартып, мұның себебін өзінің өткен жылы эр-Риядқа барған сапарында АҚШ-тың Сауд Арабиясымен жасаған ірі келісімшарттарымен байланыстырды.

АҚШ-тың іші мен сыртындағы қоғамдық пікір Сауд Арабиясының корольдік жүйесін сынаған тілші Джамал Хашоғджидің өлтірілу тәсіліне ашу-ыза білдірген жағдайда осындай мәлімдеме жасалып отыр. Әлем елдерінің басым көпшілігі саудиялық тақ мұрагері Мұхаммад бен Салманның осы оқиғаға қатысы барын және оның бұйрығымен Хашоғджидің Сауд Арабиясының Стамбұлдағы бас консулдығында бөлшектенгенін қабылдады. Тіпті, АҚШ ОББ Бен Салманды осы қылмысты жасауға бұйрық берген адам деп атады. АҚШ-тың Конгресінде де сенаторлар тарапынан Сауд Арабиясына қару-жарақ сатуды тоқтату, Йемендегі қырғынды тоқтату үшін эр-Риядқа қысым жасау, тіпті Вашингтонның Сауд Арабиясының тақ мұрагері әрі келесі королі ретіндегі Бен Салманға қолдау көрсетпеуі туралы партиядан тыс өтініштер жасалды.

Бұған қарамастан, Трамп саудиялықтардың басып-жаншу әрекеттері мен осы ел тақ мұрагерінің аймақтағы авантюралық іс-әрекеттеріне қатысты әлемдік наразылықтарға жалғыз өзі қарсы тұруды көздеп отырған сыңайлы. Бұл қатынас тіпті Трамптың Конгрестегі партияластарының да ашу-ызасын тудырды.

Сенат палатасының сыртқы қатынасқа ықпал ету комитетінің басшысы сенатор Боб Коркер Twitter әлеуметтік желісінде Дональд Трамптың Сауд Арабиясын қолдаған мәлімдемесін сынап: "Бір күні Ақ үйдің Сауд Арабиясы тақ мұрагерінің қоғамдық қатынастар бөліміне айналғанына куә боламын деп ешқашан ойламап едім",-деп жазды.

Трамптың Таяу Шығыс аймағында "Алдымен Сауд Арабиясы" атты саясатының қабылдануы ауыр дағдарыстар мен қиыншылықтар тудырды. Бен Салман Ақ үйдің қалтқысыз қолдауына арқа сүйеп, Йеменді  қазіргі замандағы ең үлкен гуманитарлық апатқа ұшыратып, Катарды қоршауға алды, Ливанның Премьер-министрін адам ұрлауға ұқсас әрекетте отставкаға кетуге мәжбүрледі, ақырында АҚШ-тың ықпалды газетінің тілшісін Сауд Арабиясының басқа бір елдегі бас консулдығында өлтірді. Бұл оқиғалардың бәрі Трамптың сейсенбі күнгі жанжалды мәлімдемесі таралғанға дейін орын алды. Осы тұрғыдан АҚШ Президентінің саудиялықтарға берген рұқсатының арқасында Сауд Арабиясының жоғары деңгейлі басшылары тарапынан бұдан да қорқынышты қылмыстардың жасалатынын күтуге болады. Бұл оқиғалардың барлығы АҚШ үкіметінің саудиялықтардың мұнайдан түсетін долларларын иелену үшін ақлақтық және гуманистік құндылықтарды аяқ асты етіп жатқанын ашық та айқын көрсетіп отыр.