«Ортақ қадам» бағдарламасы – АҚШ-тың бүлдіргі әрекеттері аясында Еуропаның шынайылығын сынау үшін мүмкіндік
2018 жылдың соңғы күндері жақындап, еуропалықтардың «Ортақ қадам» жан- жақты бағдарламасын сақтауға қатысты уәделерін жариялау мерзімінің таяуымен бір мезгілде Иран мен Еуропаның кеңестері бұрынғыдай жалғасып жатыр.
Иран мен Швеция кеңестерінің бесінші кезеңін өткізу үшін Стокгольмге сапар шеккен Иран Сыртқы істер министрінің саяси істер жөніндегі орынбасары Аббас Арақчи сәрсенбі күні Швеция Сыртқы істер министрімен кездесіп, «Ортақ қадам» жан‑жақты бағдарламасы туралы сұхбаттасты.
Маргот Волстром Аббас Арақчимен кездесуінде: ««Ортақ қадам» жан‑жақты бағдарламасының маңыздылығына байланысты Еуропа елдері, соның ішінде Швеция АҚШ‑тың бұл келісімнен шыққанына қарамастан кез келген жағдайда оны сақтап, орындауды қалайды. Еуропа елдері Иранмен сауда-экономикалық қарым-қатынасты жалғастырып, дамыту үшін тиісті бағдарлама жасауға талпыныс жасап жатыр»,‑деді.
Еуроодақ осы жылдың аяғына дейін «Ортақ қадам» жан‑жақты бағдарламасын сақтау мақсатында Иранмен сауданы жалғастыру үшін SPV деп аталатын арнайы қаржы механизмін іске қосуға міндеттеме алды. Бұл шараның мақсаты – АҚШ‑тың Иранға қарсы санкцияларымен күресу. АҚШ 2018 жылдың 8 мамырында «Ортақ қадам» жан‑жақты бағдарламасынан шығып, Иранға қарсы өзінің заңсыз әрі біржақты санкцияларын екі кезеңде қайтаратынын жариялап, оны орындады.
АҚШ‑тың санкцияларына қарамастан Иранның «Ортақ қадам» жан‑жақты бағдарламасындағы мүдделеріне кепілдік беретін механизм жасау жолындағы Еуропаның шынайы ерік‑жігері мен сындарлы қадамдары олардың ядролық келісімді сақтаудың маңыздылығы туралы саяси ұстанымдарын толықтырады. «Ортақ қадам» жан‑жақты бағдарламасына тек саяси қолдау көрсетуді Иран қабылдамайды. ИИР‑н қазіргі жағдайды жалғастыруға көндіретін нәрсе АҚШ‑тың санкцияларына қарамай Еуропаның Иранмен сауданы кепілдендіру үшін шынайы қадам жасауы болып отыр.
Осы уақытқа дейін Еуропаның арнайы қаржы механизмі кеңсесін ашатын ел туралы хабарлар таралғанымен сәрсенбі күні де осыған қатысты жаңалық таралды. Ұлыбританияның «Financial Times» газеті: «Швейцария жуырда Иранға басты тауарлар сату үшін бір қаржы желісін іске қосады»,‑деп жазды.
Бұдан бұрын Франция мен Германияның Иранмен сауда жасау үшін Еуропаның доллардан тыс арнайы қаржы механизмі кеңсесін ашуға әзірлігі туралы хабарлар таралған болатын. Осы салада пайда болған түйткіл АҚШ‑тың қоқан-лоққысы мен жазасымен тікелей байланысты. АҚШ Еуропаның арнайы қаржы механизмі кеңсесін қабылдаған кез келген елдің санкцияға ұшырайтынын айтып қоқан-лоққы жасаған болатын.
«Ортақ қадам» жан‑жақты бағдарламасын сақтап қалу үшін Еуропаның АҚШ‑пен әріптестігін тоқтатуының шығыны болатыны анық. Осындай жағдайда Еуропаның ядролық келісімге қатысты міндеттемелерін орындауы тәуелсіздік пен өзін‑өзі қамтамасыз ету жолындағы оң нышан.
Осы аяда Иранның Сыртқы қатынас стратегиялық кеңесінің басшысы Камал Харрази сәрсенбі күні еуропалықтардың уәдесіне сәйкес арнайы қаржы механизмінің орындалу мүмкіндігі туралы: «Механизмнің орындалуы еуропалықтардың ерік‑жігеріне байланысты. Олар осы күнге дейін әртүрлі қадам жасап, өзара диалог пен саяси деңгейде жақсы істер атқарды. Алайда бұл шаралар іс жүзінде орындалғанда ғана құнды болмақ»,‑деді.
Бұл жолда АҚШ пен сионистік режим бүлдіргі әрекеттер жасап, Еуропаның Иранмен әріптестігіне күмән тудырып, шығындарды жоғарылатса да, Иран өз мүдделерін қамтамасыз етіп, ілгерілетуде Батысқа тәуелді емес және әрдайым ішкі әлеуеттеріне сүйеніп, өз қиыншылықтарын шешіп келеді.