АҚШ БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінен Иранға қарсы қару-жарақ санкциясын ұзартуды сұрады
«Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасына сәйкес Иранға қарсы қару-жарақ санкциясы 2020 жылдың қазан айының 18 аяқталады. 2018 жылдың мамыр айында осы келісімнен шыққан АҚШ аталмыш мәселеге қатаң қарсылық білдірді.
АҚШ Мемлекеттік хатшысы Майк Помпео сенбі күні 18 сәуірде БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінен Иранға қарсы қару-жарақ санкциясын ұзартуды тағы сұрады. Помпео Twitter-дегі жеке парақшасында: «Иран Батыс Азияда жаңа қару-жарақ бәсекесін бастамай тұрғанда БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі оған қарсы қару-жарақ санкциясын ұзартуы керек»,-деп жазды. АҚШ Мемлекеттік хатшысы бұдан бұрын осы елдің Өкілдер палатасының сыртқы істер комитетінің жиналысында АҚШ-тың БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінен Иранға қарсы қару-жарақ санкциясын ұзартуды сұрағанын баса айтты. Бұған қарамастан Вашингтонның бұл саладағы сылтауына Мәскеу қатты күмән тудырып отыр. Ресейдің Венадағы халықаралық ұйымдардағы өкілі Михаил Ульянов қару-жарақ бәсекесін ірі алпауыттар әрекеттерінің салдары деп атады. Ульянов Помпеоның Twitter-де Иранға қарсы жазбасына тоқталып: «Қару-жарақ бәсекесі әдетте біржақты емес. Бұл – ірі алпауыттар деңгейіндегі немесе аймақтық саладағы ұжымдық талпыныс»,-деп жазды.
БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 2016 жылдан бері орындалып келе жатқан №2231 қарарына сәйкес, Иранға қару-жарақ импорттауға немесе экспорттауға 5 жылға тыйым салынған. Бұл тыйым 2020 жылдың қазан айында аяқталады. Содан кейін Иран шетелдерден қару-жарақ сатып алуға немесе экспорттауға мүмкіндік алады.
Иранға қарсы қару-жарақ санкциясының аяқталу мерзімінің жақындауы Трамп үкіметін алаңдатып отыр. Бұл үкімет БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне қысым жасап, 4+1 тобы елдері мен ондағы еуропалық елдерді Иранға қарсы қару-жарақ санкциясын ұзартуға жағдай жасауға итермелеп отыр. Вашингтонның мақсаты – халықаралық қауымдастықты Иранға қарсы қоюмен бірге «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасын әлсіретіп, ақырында оны жою. Бұған қарамастан 4+1 тобына мүше елдердің ешқайсысы осы күнге дейін Иранға қарсы қару-жарақ санкциясын жоюға наразылық білдірген жоқ. Олар АҚШ-тың алаңдаушылығын себепсіз санайды. Бұл ұстанымды әсіресе Ресей айқын білдірді. Мәскеу Вашингтонның талабын заңсыз әрі себепсіз санайды. Мұны талқылаудың өзі орынсыз.
АҚШ-тың өзі соңғы жылдары Батыс елдері және Парсы шығанағы маңы елдеріне құны ондаған миллиард доллар тұратын қару-жарақ сатқан ең ірі ел болып отырған жағдайда Иранға қарсы қару-жарақ санкциясын ұзартуды талап етіп отыр. Шын мәнінде АҚШ-тың өзі аймақты қару-жарақ бәсекесіне итермелеуде. Вашингтон Иранның қорғаныс қуатының нығаюынан қорыққандықтан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің №2231 қарарына қайшы қару-жарақ санкциясының ұзартылуын сұрап отыр. Қалай болғанда да АҚШ-тың бұл заңсыз талпынысы жеңіліс табады.