Армения Премьер-министрі отставкаға кетті
Екінші Қарабақ соғысындағы жеңіліске жауапкершілікті мойнына алған армян саясаткері Никол Пашинян Премьер-министр лауазымынан отставкаға кетті.
Армения Премьер-министрі Никол Пашинян мерзімінен бұрын өтетін парламенттік сайлауға қатысу мақсатында қызметінен бас тартты.
Никол Пашинян кеше, 25 сәуірде Арменияда тікелей эфирде таралған бағдарламада маусым айында мерзімінен бұрын өтетін парламенттік сайлауға қатысу мақсатында отставкаға кететінін, бірақ бұл шешімнің Арменияның саяси сахнасынан кету деген мағына бермейтінін мәлімдеді.
Никол Пашинян, сондай-ақ, мәлімдеме жасап, мерзімінен бұрын өтетін парламенттік сайлауға дейінгі күндерде конституцияға сай әрекет етудің маңыздылығын айтып: «Сайлаудың нәтижесі белгілі болып, жаңа Премьер-министр тағайындалғанға дейін Министрлер кабинетін басқаруды одан ары жалғастыра беремін»,-деді.
Никол Пашинянның соңғы мәлімдемесінен мынадай нәтиже шығаруға болады: Арменияның отставкаға кеткен Премьер-министрі орнын босатуды аса қаламаған. Шын мәнінде Армения конституциясындағы шектеулер Пашинянды отставкаға кетуге мәжбүрлеген.
Сондай-ақ өткен айларда Ереванда болған халықтық наразылықтар мен осы ел армиясының Премьер-министрдің отставкаға кетуін талап етуі Пашинянға деген сенімді қатты шайқалтты.
Армения мәселесі жөніндегі сарапшылардың көбінің айтуынша, парламенттік сайлауға екі ай қалғанда Армения Премьер-министрінің отставкаға кетуі қатерге толы, тіпті бұл елді жаңа дағдарысқа ұшыратуы мүмкін.
Қалай болғанда да, Арменияда болып жатқан өзгерістерде ойландыратын бір шындық бар: Никол Пашинян ел басшылығына хабар бермей 10 баптық Қарабақ бейбітшілігі келісіміне қол қойып, Екінші Қарабақ соғысында жеңілгенін мойындағаннан кейін Армения халқының оған деген көңілі суыды.
Никол Пашинян 2020 жылы қараша айында Қарабақ бейбітшілігі келісіміне қол қойғаннан кейін халық тарапынан ауқымды сынға ұшырап, елдің түкпір‑түкпірінде оның отставкаға кетуін талап еткен шерулер өтті.
Шын мәнінде 2018 жылы Никол Пашинянға ауқымды қолдау білдіріп, Премьер-министр еткен Армения халқы Екінші Қарабақ соғысында жеңілгенін мойындап, кешірім сұрағаннан кейін оны қолдаудан бас тартты.
Никол Пашинянда Арменияның бұрынғы басшысы Роберт Кочарян сияқты мықты бәсекелес бар. Ол Пашинян әлсіздік танытып, халыққа берген уәделерін орындамағаннан кейін Арменияның саяси сахнасына қайта оралатынын жариялады. Осыған қатысты Арменияның атақты саяси сарапшысы Ерванд Бозоян: «Кочарянның позициясы Пашинянның танымалдығы қаншалықты созылатынына тікелей байланысты. Егер қазіргі Премьер-министрдің саясаты қоғамның әлеуметтік және экономикалық үміттерін ақтамаса, Кочарянның сайлауда жеңіске жету мүмкіндігі зор»,-деді.
47 жастағы саясаткер Никол Пашинян 2018 жылы мамыр айында екі апталық халықтық наразылықты басқарғаннан кейін осы елдің Премьер-министрі қызметіне оңай қол жеткізді. Ол осы қызметке тағайындалғаннан кейін алғашқы кезекте Парламентті таратып жіберіп, ондағы орындардың көбін монополиялап алды.
Маусым айында болатын парламенттік сайлауда Пашинян осы саясатты жалғастырып, Армения Парламентіндегі орындарын өз ықтиярына алғысы келетін сияқты. Бірақ Екінші Қарабақ соғысының нәтижесін ескере отырып, Пашинянға бағынатын күштердің осы ел Парламентінде орын ала алуы екіталай.
Басқа сөзбен айтқанда тіпті Пашинян мерзімінен бұрын өтетін парламенттік сайлауда жеңіске жеткен күннің өзінде ел билігін тыныш қана қолға алуы екіталай.