АҚШ Сириядағы 3 әскери базасын босатты
АҚШ Сирияның Дейр аз-Зор мен әл-Хасака облыстарындағы өзінің 3 әскери базасын босатты.
2020 жылы 3 қаңтарда АҚШ Ислам революциясы Сақшылар корпусына қарасты «Құдс» күштерінің қолбасшысы сардар Қасым Солеймани мен Хашд аш-Шааби күштері басшысының орынбасары Абу Махди әл-Мухандисті Бағдад әуежайына жақын жерде террор жасап өлтіргеннен кейін америкалық әскерилерді аймақтан шығару мәселесі аймақ елдерінің көбінде жалпыхалықтық талапқа айналды. Бұл талап Ирак пен Сирияда ерекше күшті болды.
Алайда америкалық әскерилердің аймақтан шығуы Ауғанстаннан басталды. Ақыр соңында 31 тамызда АҚШ-тың барлық әскерилері Ауғанстаннан шығарылды. АҚШ Президенті Джо Байден «Әскери шығынның көптігі осы ел күштерінің Ауғанстаннан шығуына себеп болды» деп мәлімдегеніне қарамастан, Ауғанстандағы миссиясының нәтижесіз болуы және көзделген мақсаттарда, соның ішінде лаңкестікпен күресу, адам құқығын қорғау және біртұтас мемлекет құруда жеңіліс табуы осы елден абдырай шығудың негізгі факторы болды.
АҚШ күштерінің бұлай шығуы Вашингтонның беделін түсірді. Өйткені Кабул әуежайы маңында жарылыс болып, 13 америкалық сарбаз қаза болғаннан кейін бұл ел тіпті өз сарбаздары үшін кек алуды ойламай, соңғы әскери қызметкерін Кабулдан шығарып алды.
АҚШ осы жылдың аяғына дейін өзінің әскерилерін Ирактан шығарады. Байден мен әл-Каземидің келіскені бойынша, тек әскери кеңесшілер Ирак сарбаздарын үйрету мақсатында осы елде қалады. Сирияда 3 әскери базаның босатылуы АҚШ үкіметінің осы елде де жеңіліс тапқанын қабылдағанын көрсетеді. Вашингтон өз әскери күштерін Сириядан шығаруды немесе мұндағы әскери базалардың санын азайтуды көздеп отыр.
АҚШ Сириядан толық шыға ма, әлде шығынды азайту үшін әскери базалар санын азайта ма бәрібір, бұл елдің әскери беделіне нұқсан келді.