Иранның Гроссиге реакциясы: МАГАТЭ бейтараптық сақтауы керек
(last modified Thu, 09 Sep 2021 13:31:03 GMT )
Қыр 09, 2021 19:31 Asia/Almaty
  • Иранның Гроссиге реакциясы: МАГАТЭ бейтараптық сақтауы керек

ИИР –ядролық міндеттемелерді орындау тұрғысынан ең ашық ел.

Иранның Венада орналасқан халықаралық ұйымдардағы тұрақты өкілі әрі елшісі Казем Ғарибабади сәрсенбі күні кешке бір телеарнаға берген сұхбатында МАГАТЭ-нің бас директоры  Рафаэль Гроссидің жуырдағы сөздеріне реакциясында: «Иранның ядролық жұмыстарында және ядролық міндеттемелерді орындауда МАГАТЭ-мен арада ешқандай бұлыңғырлық жоқ. Иранның барлық шаралары NPT хаттамасы мен ядролық қауіпсіздікті кепілдендіру келісіміндегі міндеттемелері аясында  атқарылып жатыр»,-деді.

МАГАТЭ-нің бас директоры  Рафаэль Гросси сейсенбі күні кешке өз есебінде: «Бұл ұйымның Ирандағы жұмыстары қатты әлсіреп кетті»,-деді.

МАГАТЭ-нің бас директоры осындай уәждер айтып отыр, ал «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасына қатысты келіссөздер АҚШ-тың біржақты негізде уағда бұзуы салдарынан толық жойылудың алдында тұр. Яғни МАГАТЭ біреудің кінәсін басқаға жауып, мәселенің бағытын өзгерткісі келеді.  

ИИР 2021 жылы 23 ақпанда Ислам Кеңесі Мәжілісінде қабылданған «Иран халқының мүдделерін қорғау және санкцияларды жою үшін стратегиялық шаралар» заңын орындап, кепілдендіру шараларына бақылау және  қосымша протоколды ерікті түрде орындауды тоқтатты. «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасының 26 және 36 тармақтарына сәйкес Иранның шаралары басқа тараптардың заңсыз санкцияларды жоюға қатысты міндеттемелеріне берік болмағаны себепті жүзеге асырылды.

Бұған қарамастан, Иран мен МАГАТЭ осы агенттіктің дұрыстықты тексеру жұмыстарын атқаруы үшін үш айлық келісімге қол қойды. Теһран агенттіктің уақытша келісімі аясында өзінің икемге келетінін көрсетті. Ал МАГАТЭ саяси ұстаным білдіріп, іс жүзінде  өзінің тәуелсіздік, бейтараптық және кәсібилік принциптерін бұзды.

Саяси сарапшы Джалал Хушчехре агенттіктің екіқырлылығын сынап: «Агенттіктің бас директоры осы ұйымның құқықтық орны тұрғысынан екіқырлылық стандарттарын доғарып,  Теһранның осыған қатысты күдіктерін жоюға талпынуы керек»,-деді.

Иранның «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасы аясында келісімге келудегі мақсаты – өзара міндеттемелер негізінде екі тараптың әріптесуі мен өзара сенімін тудыру, белгілі бір уақыт аралығында қосымша протокол қалыбында ерікті түрде шектеулерді қабылдау.

Бірақ міндеттемелерді қабылдау осы біржақты әрекетті әрдайым жалғастыру дегенді білдірмейді. Иран мен агенттіктің әріптестігі ядролық қауіпсіздікті кепілдендіру міндеттемелеріне негізделген.    

Иран үшін агенттіктің бейтараптық, тәуелсіздік пен кәсібилік негізінде жұмыс істеуі маңызды. МАГАТЭ-ге мүше елдердің одан күтетіні де осы: бұл халықаралық ұйым өзінің барлық міндеттерін ашық орындауы тиіс. Қазіргі таңда Израиль режимінің ядролық қарулары, Батыс елдері тарапынан ядролық міндеттемелердің орындалмауы, АҚШ-тың ядролық сынақтарды жалғастыруына қатысты алаңдаушылықтар бар. Өйткені бұл үдерістерге бақылау жасалмайды.  

ИИР агенттіктің ережелері аясында ядролық тақырыпта өзінің заңды құқықтары мен міндеттемелерін біледі. Сондықтан Иран бұл салада әдеттен тыс талап пен қысымды қабылдамайды.