Ресейдің Украинадағы әскери операциясы: себептері мен салдарлары
(last modified Thu, 24 Feb 2022 11:03:59 GMT )
Ақп 24, 2022 17:03 Asia/Almaty
  • Ресейдің Украинадағы әскери операциясы: себептері мен салдарлары

Ресей Президенті Владимир Путин бейсенбі күні таңертең теледидар арқылы сөз сөйлеп: «Ресейдің әскери күштері Донбасс аймағында арнайы әскери операция жүргізеді»,-деп мәлімдеді.

Путин осы арнайы әскери операцияны жариялай сала Украинаны милитаризациялауды тоқтатуды талап етіп, украиналық әскерилерден қаруларын тастауды сұрады.

Путин Ресейдің әскери операциясының заңдылығын түсіндіру мақсатында: «БҰҰ жарғысының 7 тарауының 51-бабына сәйкес, РФ Жоғары кеңесінің рұқсатымен және Донецк пен Луганскқа қатысты өзара көмек және достық міндеттемелерін орындау мақсатында арнайы әскери операция жүргізуге шешім қабылдадым. Кез келген ықтималды қантөгіске жауапкершілік толығымен Украина режимінің мойнында»,-деді.  

Дүйсенбі күні Донецк пен Лугансктың дербестігі Ресей тарапынан ресми түрде танылып, осы республикалардың басшылары Путиннен көмек сұрағаннан кейін Ресей бейсенбі, 24 ақпанда Украинаның түрлі өңірлеріндегі әскери базалар мен оқ-дәрі қоймаларын бомбалау арқылы ауқымды әскери операция бастады. Ресей күштері Украинаның түрлі аудандарына, соның ішінде Донбассқа бойлай еніп барады. Киев үкіметі Луганскта екі қаланың басып алынғанын хабарлады. Тіпті кейбір ақпараттар бойынша, Ресейдің құрлық күштері Қара теңіздің жағасындағы Мариуполь мен Одессаға басып кірді.

Осылайша Ресей басшыларының көптеген ескертулеріне Киев назар аудармағаннан кейін енді Мәскеу іске кірісті. АҚШ Президенті Джо Байден Путиннің сөзінен кейін мәлімдеме жасап, Ресейді Украинадағы соғысқа және апатты шығындарға жауапты деп атады. Бірақ Вашингтон қазіргі апатты жағдайдың қалыптасуына өзінің тікелей қатысы барын әдейі назарға алмай отыр.

Ресейдің Украинаға әскери шабуылы халықаралық сахнада жаңа бір кезеңнің басталғанын білдіреді деп айтуға болады.

Түркияның саяси сарапшысы Бурханеддин Доуран: «Шығыс пен Батыс блоктары арасындағы қайшылықтардың көбі тығырыққа тіреліп, іс жүзінде шешім жолдары жоқ сияқты көрінеді. Сол себепті әлем қауіпсіздігінің құрылымы өзгеріске ұшырайды»,-деді.  

Бұған дейін Ресей мен Батыс, әсіресе Ресей мен НАТО текетіресі саяси-дипломатиялық және ақпараттық-жарнамалық қалыпта болған. Мәскеу НАТО-ға Шығысқа ойысып, Ресей шекарасына жақын маңға база салып, әскери күш орналастырудан бас тарт деп сан рет ескертті. Бұл әрекеттерді Ресейдің ұлттық қауіпсіздігіне тікелей қауіп деп мәлімдеді. Бұған қарамастан АҚШ бастаған НАТО Ресейдің талаптарына көңіл аудармай, өз ұстанымын жалғастырып, Украинаны осы әскери ұйымға қабылдау қажеттігін баса айтты.

Басқа бір маңызды мәселе: Украинаның батысшыл басшылары да 2014 жылғы саяси өзгерістер барысында орысшыл басшы Виктор Янукович биліктен кеткен соң Петр Порошенконың кезінде және қазір Владимир Зеленскийдің заманында НАТО-ға қосылуға талпыныстарын еселендіріп жіберді. 2019 жылы Украина Парламенті осы елдің НАТО мен Еуроодаққа қосылу қажеттігі туралы бапты ел конституциясына енгізуді мақұлдағаннан кейін Порошенко бұл қаулыға қол қойды. Украинаның қазіргі үкіметі де Мәскеудің алаңдаушылығына көңіл аударудың орнына НАТО мен АҚШ-тың қолдауына сүйеніп, Ресейге қарсы тұра аламын деп ойлап отыр. Ал бұл жағдайда 2008 жылы Грузияда болған соғыс сияқты бұрынғы тәжірибелер көрсеткендей, Ресей өзінің ұлттық қауіпсіздігі және НАТО мен Батыстың қастандықтарына қарсы тұру саласында кесімді әрекет етеді.

Қазір де Путин Ресейдің Украинадағы әскери операцияларына сырттан біреу араласатын болса, қатаң реакция білдіретінін ескертті. Шын мәнінде Киев үкіметі бүгін Батыспен интеграция, Ресеймен жауласу және НАТО-ны Украина жеріне тарту үшін атқарған шараларының салдарын көріп отыр. Осылайша Украина НАТО-ға қосылу талпынысынан көбірек қауіпсіздікке ие болмағаны былай тұрсын, керісінше енді жойқын соғыс пен территориясының бөлшектенуі қатеріне ұшырап отыр.