Сауд Арабиясында Иран елшілігі ашылды
https://itolqyn.com/news/world-i69004-Сауд_Арабиясында_Иран_елшілігі_ашылды
Иран мен Сауд Арабиясының қарым-қатынасы үзілгеннен кейін 8 жылға жабылған елшілік есігі сәрсенбі күні қайта ашылды.
(last modified 2025-11-05T11:24:26+00:00 )
Сәу 13, 2023 22:04 Asia/Almaty
  • Сауд Арабиясында Иран елшілігі ашылды

Иран мен Сауд Арабиясының қарым-қатынасы үзілгеннен кейін 8 жылға жабылған елшілік есігі сәрсенбі күні қайта ашылды.

Иран мен Сауд Арабиясы арасында ресми қарым-қатынасты қайта бастау және дипломатиялық белсенділікті жандандыру туралы келісімді орындау және екі елдің саяси өкілдіктері мен консулдықтарын ашу мақсатында жасалған жаңа қадамда Иранның техникалық делегациясы сәрсенбі күні Эр-Риядқа барды. Сауд Арабиясының басшылары ирандық делегацияны жақсы қарсы алды.

Иран мен Сауд Арабиясы арасында екіжақты қарым-қатынасты қайта бастау туралы келісім Батыс Азия аймағында орын алған ең маңызды саяси-дипломатиялық оқиға саналады. Өйткені ол аймақтағы өзгерістерге оң әсер етіп, көршілес елдердің қолдауына ие болды.

Бұл оқиға екі мұнайлы алпауыт және маңызды исламдық ел саналатын Иран мен Сауд Арабиясы арасында жаңа саяси-экономикалық әріптестікті қалыптастырып қана қоймайды, аймақта тұрақтылық пен қауіпсіздікті арттырып, Сирия мен Йемен сияқты елдерде дағдарыстардың шешілуіне көмектесе алады.

Басқа сөзбен айтқанда, Бейжіңде жасалған Теһран – Эр-Рияд келісімі Батыс Азиядағы басқа да қайшылықты істерді АҚШ пен Еуропаның механизмдерінсіз шешуге бастама бола алады. Әрине бұл жағдай АҚШ-тың аймақта ықпалы мен беделінің түскенін білдіреді және Қытайдың Батыс Азияда орны мен рөлінің артқанын көрсетеді.  

Мысалы, Сауд Арабиясының тақ мұрагері Мұхаммед бен Салман Сирия Президенті Башар Асадты Араб лигасы басшыларының отырысына шақыруға шешім қабылдағанын жариялады. Ал негізі Вашингтон Башар Асад үкіметімен қарым-қатынасты қалыптандыруға үзілді-кесілді қарсы.

Сондай-ақ, қазір Ораза айтқа дейін Сауд Арабиясы мен Йемен арасында тұрақты атысты тоқтату бітімі жасалады деген үміт бар. Бітім жасалса, аймақтағы ең ауыр дағдарыстардың бірі аяқталады.

ИИР-ды аймақтық және халықаралық сахнадан оқшаулау саясаты жеңіліс тапты. Бұл да Иран мен Сауд Арабиясы арасында қарым-қатынастың қайта жандануының нәтижесі. Өйткені  Иранды саяси оқшаулау АҚШ пен сионистік режимнің Ислам революциясы жеңіске жеткеннен кейін Иранға қарсы ұстанып келген саясаттарының бірі еді.

Қазіргі таңда Иран мен Сауд Арабиясы келісімге келгеннен кейін аймақтағы басқа елдер, соның ішінде  БАӘ мен Бахрейн де Иранмен қарым-қатынасты жақсартуды көздеп отыр. Сондықтан Теһран мен Эр-Рияд келісімі іс жүзінде Иранды оқшаулап, аймақ елдері арасына іріткі салуды көздеген АҚШ пен сионистік режимнің сыртқы саясаты үшін сорақы жеңіліс болып саналады.