Зариф АҚШ-тың заңсыз шараларына қарсы табандылық таныту қажеттігін қуаттады
ИИР Сыртқы істер министрі Мұхаммад Джавад Зариф Ислам Кеңесі Мәжілісінің оныншы шақырылымы депутаттарының «Заң шығару үдерісі: міндеттемелер мен шешім жолдары» атты форумында сөйлеген сөзінде:
«Қазіргі жағдайда біздің ең маңызды басымдықтарымыздың бірі – Батыс елдері тарапынан «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасының дұрыс орындалуына қандай кепілдік беретіндігіне көңіл бөлу»,-деді.
ИИР Сыртқы істер министрі кеше басталған осы форумда: «Иранның санкциялардан босатылуы кейбір елдердің алаңдаушылығын тудырып отыр. Өйткені кейбір топтар мен елдер Ираннан үркіту жобасымен өздерінің саясаттарын жалғастыруға әдеттеніп қалған. Қазір де Иранды аймақ үшін қауіп деп таныстыруды көздеп отыр»,-деді.
ИИР Сыртқы істер министрінің Ислам Кеңесі Мәжілісінің оныншы шақырылымы депутаттарының форумында сөйлеген сөздерін «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасынан кейінгі АҚШ-тың Иранға қарсы дұшпандық әрекеттерінің аясында бағалауға болады.
Өткен бейсенбі күні ИИР-ның БҰҰ-дағы тұрақты өкілі әрі елшісі Ғоламали Хошру тарапынан БҰҰ Бас хатшысына тапсырылған Қосылмау қозғалысының хатында да шын мәнінде осы мәселеге сілтеме жасалынған.
Қосылмау қозғалысы осы мәлімдемеде: «АҚШ тарапынан Иран Орталық банкінің активтерінің тәркіленуі – заңбұзушылық әрекет. Ол халықаралық қарым-қатынаста тұрақсыздық пен бейберекеттік тудырып, халықаралық деңгейде заң билігінің әлсіреуіне жағдай жасайды»,-деп қуаттады.
АҚШ-тың Жоғары соты өткен 20 сәуірде осы елдің соттарының лаңкестік қылмыстардың құрбандарына қатысты арыздарды қарастыру үшін Иранның бұғатталған активтерін өтемақы төлеуге пайдалана алатынын растады. 1983 жылы 23 қазанда Бейруттегі АҚШ-тың теңіз күштері орналасқан базада болған жарылыста бірқатар америкалық сарбаз қаза тапты.
2003 жылы АҚШ-тың Федералдық соты бір үкімде: «ИИР Хезболланы құруға көмектесті. Бұл ұйым АҚШ пен Франция тарапынан Бейруттегі америкалық күштердің базасына бомба қойды деп айыпталды. АҚШ-тың Мемлекеттік департаменті де аталмыш соттардың осы шараларын халықаралық заңдарға сәйкес деп сипаттады»,-деп жариялады.
АҚШ-тың банктарында бұғатталған Иранның активтерін тәркілеу, сондай-ақ, «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасында белгіленген міндеттерді орындауды кешеуілдету, Иранның АҚШ-тан тыс жерде сауда және қаржы салаларында әріптестік жасауына араласуды жалғастыру Иранның қатты наразылығын тудырып отырған АҚШ-тың әрекеттері болып табылады. ИИР Сыртқы істер министрі баса айтқандай, Иран өз халқының құқығын қайтарып, мүддесін сақтау үшін АҚШ-тың үздіксіз заңсыз амалдарына қарсы заңды шаралар қолдануға құқылы.
Қаржы және банктік ережелерді бұзу, осыған қатысты халықаралық міндеттемелерге немқұрайлы қарау АҚШ-тың халықаралық сахнада жасап отырған заңбұзушылық әрекеттерінің бірі ғана. Бұл қатынас бұрындары да АҚШ-тың АҚХА-ның жауапкершілігіне араласуы кезінде Қосылмау қозғалысының алаңдаушылығы мен наразылығын тудырып, осыған қатысты көптеген мәлімдемелердің жасалуына себеп болды. Бүгінде бұл алаңдаушылық Иранның мал-мүлкін заңсыз тәркілеуге қатысты көрініс табуда. Зарифтің бүгінгі сөздері мен әлемдік қауымдастықтың үштен екі бөлігін құрайтын Қосылмау қозғалысының мәлімдемесі АҚШ-қа сенімсіздіктің тереңдігінен және бұл елдің халықаралық саладағы бұзушы, бүлдіргі әрекеттеріне қарсы табандылық таныту қажеттігінен хабар береді.